
Бүгін Алматы облысы дін істері басқармасының тапсырысымен «Рухани керуен» жобасы аясында Жамбыл ауданында онлайн кездесу өтті. Кездесуге аудандық мектеп директорлары мен ұстаздары, АТТ мүшелері қатысты. «Шетелде діни білім алудың қауіптілігі және ҚР аумағында заңсыз діни материалдарды тарату мен сатудың алдын алу» тақырыбындағы шараға теолог, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, араб филологиясының магистрі Қамысбек Ұларбек дәріскер ретінде тартылды.
Аталған шараның мақсаты – деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында дәстүрлі құндылықтарды дәріптей отырып, жеке және топтық алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру.
«ZOOM» қосымшасы арқылы өткен шарада заңсыз діни материалдар мен әдебиеттерді сату, әлеуметтік желілердегі жалған, қауіпті сайттардан сақтану жолдары айтылып, шетелде діни білім алудың қауіпті тұстары, діни экстремизм мен терроризм туралы терең түсінік берілді. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Шараға жалпы саны 60 адам қатысты.