«Экстремизмге жол жоқ!» тақырыбындағы әлеуметтік бейнероликтер байқауы қорытындысы

«Экстремизмге жол жоқ!» тақырыбындағы әлеуметтік бейнероликтер байқауы қорытындысы

Бүгін, Алматы облыстық дін істері басқармасының бастамасымен деструктивті идеологиялардан сақтандыру, халықтың діни сауаттылығын арттыру, әртүрлі теріс пиғылды діни ағымдардың әсерінен туындайтын қауіп-қатердің алдын алу және «экстремизм» түсінігі жайлы ақпараттандыру мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған «Экстремизмге жол жоқ!» атты әлеуметтік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқау жарияланған сәттен бастап, жиырмадан астам автор өзінің жеке жұмыстарын ұсынған болатын. Ұсынылған бейнероликтерді білікті мамандардан жасақталған әділқазы мүшелері сараптамадан өткізіп, көркемділік, нақтылық жағы мен тақырыпты аша білу, идеяның өзектілігі тұрғысынан бағалап, қорытындысын шығарды.

Дін саласындағы өзекті мәселелер туралы «Экстремизмге жол жоқ!» тақырыбындағы әлеуметтік бейнероликтер байқауында:

«Ең үздік режиссерлік жұмыс» номинациясына Калелова Фатиманың «Женитьба на одну ночь» бейнеролигі лайықты деп танылды. Сонымен қатар, «Ең үздік әлеуметтік ролик» номинациясын Құсманов Арнур Мұратұлының «Учитель и ученик» бейнеролигі қанжығаласа, «Ең үздік идея» номинациясы «Представители традиционных религий» бейнеролигі үшін Құсман Жансая Қуанышпайқызына бұйырды. «Ең үздік бейнебаян» номинациясын «Невидимые враги общества» бейнеролигі үшін Нурмантаев Алим иеленді. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Осы байқаудың жүлде қоры 200 мың теңгені құрайтын ІІІ орнына «Жастарды жат ағымнан қорғайық» бейнеролигімен компьютерлік графика арқылы жаңа визуализация бере алғаны үшін Муратбеков Ануар Асқарұлының еңбегі лайықты деп танылса, ІІ орынды «26-шы кадр» эффектісін жақсы қолдана отырып, тың идеясын жүзеге асырғаны үшін «Блогер» бейнеролигімен Аралбаев Русланның туындысы еншіледі. Екінші орын иегеріне арнайы диплом мен 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы бұйырды.

Ал, жүлделі І-ші орынды барлық талаптар бойынша оза шауып, реквизит пен декорацияны пайдалануда креативті идеясын жүзеге асырғаны үшін «Жусан операциясы» бейнеролигімен Манас Диана жеңіп алды. Жарыс жеңімпазына 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы мен арнайы диплом табысталды.

Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қоғамда толерантты діни сананы және азаматтардың бойында радикалдық идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастыруда тигізер үлестері мол екені айтылып, алдағы атқарар жұмыстарына шығармашылық табыс тіленді. Айта кетейік, енді аталмыш байқау келесі жылы да дәстүрлі түрде өз жалғасын табатын болады.