
Алматы облыстық дін істері басқармасының бастамасымен қоғамдағы дін саласындағы өзекті тақырыптарды көрсету мақсатында «Экстремизмге жол жоқ!» атты әлеуметтік бейнероликтер байқауы жарияланған болатын. Байқауға ұсынылған жиырмадан астам бейнероликті Дін істері басқармасы алаңында әділқазы мүшелері көріп, бағалау жұмысын жүргізді. Қазылар қатарында белгілі журналист, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы, облыстық АТТ құрамының мүшесі, белгілі дінтанушы-психолог Қанат Маратұлы, Облысқа белгілі режиссер Ерлан Ушакпаев болды. Байқауға бірнеше орын мен номинациялар бойынша жүлделер тағайындалған. 1,2,3 орындардан бөлек «Ең үздік әлеуметтік ролик», «Ең үздік идея», «Ең әдемі бейнебаян» «Ең үздік режиссерлық жұмыс» атты төрт номинация қарастырылды. Қомақты қаржы тігілген байқаудың қорытындысын қазылар алқасы талқылай отырып, бекітті. 27 қараша күні жеңімпаздар мен номинация иегерлері шақырылып, салтанатты түрде жүлделері табысталады.