«ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН САҚТАУДА АҚСАҚАЛДАР МЕН АҒА БУЫННЫҢ ЫҚПАЛЫ»

«ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН САҚТАУДА АҚСАҚАЛДАР МЕН АҒА БУЫННЫҢ ЫҚПАЛЫ»

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлескен бас қосу болып өтті. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуын, ұрпақ сабақтастығының дамуындағы қазақ халқының ақсақалдары мен аға буынның ықпалының ерекшелегін көрсетуді мақсат еткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Рустам Али төрағалық етті. Сонымен қатар, аталмыш басқосуға ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Облыстық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы, ҚМДБ-ның Талдықорған өкілдігі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сәдуақас Байкен Сәдуақасұлы, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Талдықорған өңірінің наиб имамы Дәуітов Керімбек Сәрсембайұлы және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында Конфессияаралық діни тұрақтылықты сақтаумен қатар, мешіттерде атқарылған шараларда әрқашан қолдау көрсеткені үшін, әрі жыл сайын жақсы қызмет көрсеткен имамдарды әртүрлі номинациялармен мәртебесін көтеріп, марапаттағаны үшін облыстық дін істері басқармасының басшысы Есдәулетов Рахмет Разбекұлына және де мешіт имам-ұстаздарын ерекше құрмет тұтып, қолдау көрсетіп, діни мерекелерде мешіт жәрдемшісі бола білгендігі үшін Ардагерлер ұйымының басшысы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлына ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы алғыс хаты табысталды. Ата дәстүрден тамыр тартып, қоғамдық институт рөлін атқара білген ақсақалдарымыз бен аға буын өкілдерінің ықпалы қашанда зор болған, бола да бермек. Билік пен бұқараның арасына алтын көпір болып, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда жұртты уәлі сөзімен ұйыта білген ақсақалдарымыздың қатары сиремесін. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, сол жауһар да жақұтқа бергісіз асылдарымызға күш-қуат, ел игілігі жолындағы еңбектеріне қажымас қайрат тілейміз!