ТӘЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ 1 КҮНДІК ОҚЫТУ КУРСЫ ӨТКІЗІЛДІ

ТӘЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ 1 КҮНДІК ОҚЫТУ КУРСЫ ӨТКІЗІЛДІ

Ағымдағы жылдың 22 қазан күні, Алматы облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Рухани керуен» жобасы аясында арнайы топ өкілдеріне арналған оқыту курсы өтті. Шара барысында қатысушыларға білім ордасы жайлы экскурсия ұйымдастырылып,Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры,доктор-профессор Мухаммад аш-Шаххат әл-Жинди қатысушыларға деген ризашылығын білдірді. «Келушілерге құшағымыз әрдайым ашық» деген ол жиналғандарға арнайы дәрісін оқыды. Сондай-ақ, белгілі исламтанушы, Алматы облысы, Іле ауданы «Арын қажы» мешітінің ұстазы Ерлан Ақатаев Ислам дінінің тарихы маңызы мен қазақ руханиятындағы алатын орны жайлы және де жат ағымдарға ермеудің алғышарттары мен олардан келетін қауіп-қатерлер жайлы сөз етті. Өз кезегінде исламтанушы, «Білім-Қазына» қоғамдық қорының президенті, PhD докторант, РАТТ мүшесі Оралхан Сейдманов аталмыш оқу курсының маңыздылығына тоқталып, жастардың діни сауатына аса мән беру керектігін жеткізді. Одан бөлек, қандай да бір ақпаратты аларда оны ой иелегі мен сана сүзгісінен өткізу қажеттілігін айтты. Сондай-ақ оқыту курсы барысында исламтану кафедрасының аға оқытушысы,PhD докторы, доцент Шамшат Әділбаева мен психолог-эксперт Шұғыла Дуанаева және де PhD докторы Әлия Төлегенова әйел жамағатына арнайы тақырыптарда дәріс оқып, туындаған сұрақтар легіне нақтылы жауаптарын берді. Жалпы қалың көпшіліктің көңілінен шыққан тәлім мен тағылымға толы оқыту курсы жайлы пікірлердің оңды болғаны да жасырын емес. Мұны жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласынан аңғардық. Алдағы уақытта да көпшіліктің көңіл зердесінен орын алатын бастамалар мен шаралар өз жалғасын табатын болады.