"Рухани келісім - тұрақтылықтың іргетасы"

"Рухани келісім - тұрақтылықтың іргетасы"

Қазақстан егемен, зайырлы және демократиялық мемлекет ретінде алғашқы қадам жасағалы Рухани келісім күнін дәстүрлі түрде атап өтіп келеді. Алматы облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани келісім» күніне орай облыс әкімінің діни бірлестік жетекшілерін салтанатты қабылдауы өтті. Алматы облысының әкімінің орынбасары, қоғамдық ұйымдар мен діни бірлестік жетекшілері, Ардагерлер кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, басқарма басшылары, дінтанушылар, бұқаралық ақпарат құралдары қатысқан шарада алдымен фото-сурет көрмесі мен «Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы» атты бейнефильмі көрсетілді. Конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау жолында біздің облысымызда да көп жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңдағы әртүрлі ұлттар мен діндердің татулықта, ауызбіршілікте өмір сүруі, діни ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік органдар мен қоғамның, дін қызметкерлерінің тынымсыз жұмысының анық нәтижесі деп білеміз. Сондай нәтижелі жұмыстың бірқатары дін қызметкерлері тарапынан пандемия кезінде өте жоғары дәрежеде көрінді – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли. Сөз кезегін алған Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, ҚМДБ алғашқы мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Астана және Қазақстан митрополиясының хатшысы Илья Ендовицкий, «Успения Пресвятой Богородицы» Рим-католик діни бірлестігінің жетекшісі Шымон Гжывински, Евангельдік Христиан Баптистері шіркеуінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша пресвитері Алексей Лубошников еліміздегі дінаралық келісім мен ынтымақтың маңызына тоқталды. Іс-шара аясында зайырлы мемлекетіміздің діни, тарихи құндылықтарын насихаттап, облысымыздың рухани дамуына үлес қосып, тұрақтылық пен бейбітшілікке шақырған, ерекше сипаттағы жұмысымен танылған Үлгілі діни ғибадатханаларды және озық жұмыстарымен айқындалып, тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру, мемлекеттің рухани әрі зайырлы қағидаттарын нығайтудағы қызметтері мен ұлағатты ұстазды және қайырымдылық жасаудағы қосқан үлестері үшін «Жоғары рухани қызмет», «Рухани ұстаз», «Сауапты іс» номинациялары бойынша облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Жалпы саны 50 белсенді азамат Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтардың иегері атанды.