«Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі»

«Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі»

«Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі» тақырыбында әртүрлі сала мамандары және журналистер арасында ұйымдастырылған облыстық байқаудың салтанатты жиыны өтті. Халықтың діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни көзқарастар мен теріс ағымдардан сақтандыру, олардың алдын алуды мақсат еткен байқау 2014 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қаламды жанына серік еткен қатысушылардың қарымы ерек, дарыны бөлек болды. Кіл мықтылар бақ сынасқан байқауда журналистер арасынан Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Әміреев Жұматай Оспанұлы жүлделі І-ші орынға ие болса, ІІ-ші орын  Ескелді ауданы «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі Жұмабекова Зейнегүл Бейбітқызына бұйырды. Ал, ІІІ-ші орынға «Іле таңы» қоғамдық-саяси апталық газетінің тілшісі Ержанов Алмат Ергешбайұлы лайықты деп танылды. Одан бөлек, - «Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі Касенова Айнаш Мемленқызы, «Қарадала тынысы» газетінің жауапты хатшысы  Мамырбаева Баян Жанысбайқызы, «Қаратал» газеті ЖШС директор-бас редакторы Өмірбаев Асхат Бақытұлы байқауға белсене қатысқаны үшін Ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Айта кетейік, биылғы облыстық мақалалар байқауына тілшілер қауымынан бөлек, әртүрлі сала мамандары да қатысқан болатын. Осы аталым бойынша Іріктелген 7 қатысушының 2-уі ақтық сынға ұсынылды. Әртүрлі сала мамандары арасында жүлделі І орынға ақын, І. Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты – Қожағұлов Сайлаухан Қажыбекұлы ие болса, ІІ орынды Абайтанушы, дінтанушы Омаров Досым Қайырбекұлы жеңіп алды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған жеңімпаздар мен белсене қатысқан қатысушыларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Қоғамдағы толерантты діни сананы және азаматтардың бойында радикалдық идеологияларға қарсы тұра алатын иммунитетті қалыптастыруда тілшілер қауымының үлесі мол. Дәстүрге айналған байқау келесі жылы да өз жалғасын табатын болады.