Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы

Ескертпе!
Заң күшін жояды-ҚР 2020.06.29 № 350-VI Кодексімен (2021.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі).

Мазмұны

Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында олардың өтініштерін беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

1 бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) арыз - адамның өз құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда жәрдем көрсету туралы өтінішхаты не заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің бұзылуы, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды тұлғалардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарлама не олардың қызметін сынау;

1-1) бейнеконференцбайланыс– өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио-және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігін ала отырып, интерактивтік өзара іс-қимыл жасасуына арналған, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын байланыс қызметі;

1-2) бейнеөтініш - "Үкімет-азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды адамға жіберілген бейнеформаттағы жеке немесе ұжымдық ұсыныс, арыз, шағым, сұрау салу немесе үн қосу";

2) иесі бүркемеленген өтініш-ол бойынша авторын белгілеу мүмкін емес, қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушінің почталық мекен-жайы жоқ өтініш;

3) қайта жасалған өтініш-бір тұлғадан бір мәселе бойынша кемінде екі рет келіп түскен, онда:

осының алдындағы өтініш бойынша қабылданған шешімге шағым жасалады;

егер бұрын жіберілген өтініш келіп түскен уақыттан бастап белгіленген қарау мерзімі өтіп кетсе, бірақ арыз беруші жауап алмаған болса, оның уақтылы қаралмағаны туралы хабарланады;

алдыңғы өтінішті қарау және шешу кезінде жіберілген басқа да кемшіліктер көрсетіледі;

3-1) онлайн-қабылдау - "Үкімет-азаматтар үшін" мемлекеттік корпорациясы жүзеге асыратын, субъектінің, лауазымды адамның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштерін бейнеконференцбайланыс арқылы қабылдау жөніндегі әрекеті";

4) өтініш-өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды адамға жіберілген жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, бейнеөтініш нысанындағы ұсыныс, арыз, шағым, сұрау салу немесе үн қосу;

5) өтініштерді қарайтын субъектілер (бұдан әрі - субъектілер) - мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) Мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) ұсынатын, өздерінің құзыретіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша шешімдерді қарауға және қабылдауға құқылы заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) беруге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан ірі кәсіпкерлік субъектілері;);

6) өтінішті есепке алу-өтінішті қабылдау және қарау жөніндегі мәліметтерді тіркеу және оларды мемлекеттік құқықтық статистикалық есептілікте көрсету;

7) өтінішті қабылдау-субъектінің, лауазымды тұлғаның жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау жөніндегі іс-әрекеті;

8) өтінішті қарау-субъектінің, лауазымды тұлғаның тіркелген өтініш бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде шешім қабылдауы;

9) өтінішті тіркеу - ақпараттық есепке алу құжатында өтініштің мазмұны бойынша қысқаша деректерді тіркеу және келіп түскен әрбір өтінішке тіркеу нөмірін беру;

10) сауал-адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші;

11) ұсыныс-адамның заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызметі салаларын жақсарту жөніндегі ұсынымы;

12) үн қосу-адамның мемлекет жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өз көзқарасын білдіруі;;

13) шағым - адамның өзінің немесе басқа адамдардың бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы, Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, мемлекет жүз пайыз қатысатын не мемлекеттік тапсырыс және (немесе) Мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалардың, өздеріне тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) беруге (орындауға, көрсетуге) шарт жасасқан жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың лауазымды, сондай-ақ олардың заңсыз шешімдерінің күшін жою.

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді-ҚР 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.


2 бап. Қазақстан Республикасының Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда белгіленгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3 бап. Осы Заңның қолданылу аясы

1. Осы Заңның күші өтініштер берген жеке және заңды тұлғаларға, өтініштерді қарайтын субъектілер мен лауазымды тұлғаларға қолданылады.

2. Осы Заңның күші қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қолданылмайды.

2-1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарау мерзімдері "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы"Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.

2-2. Осы Заңның күші, 7-баптың 2-тармағын, 15-баптың 12) тармақшасын және 16-бапты қоспағанда, "ақпаратқа қол жеткізу туралы"Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін, субъектілер алған немесе жасаған ақпаратты беру туралы сұрау салуларды ғана қамтитын жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне байланысты қоғамдық қатынастарға қолданылмайды.

2-3. Мемлекеттік сатып алу саласындағы шағымдарды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

2-4. Салық салу және кедендік реттеу мәселелері бойынша шағымдарды қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Салық және кеден заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

2-5. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы, ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, Ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу саласындағы шағымдарын қарауы осы Заңға сәйкес Ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мүлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тапсырыс және (немесе) Мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсынатын заңды тұлғалар осы Заңға сәйкес көрсетілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсыну мәселелері бойынша өтініштерді қарайды.

Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді-ҚР 15.04.2013 № 89-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 404-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.11.2016 № 26-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 202-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) заңдарымен.


4 бап. Осы Заңның принциптері

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға байланысты құқықтық қатынастарды реттеудің негізгі қағидаттары:

1) заңдылық;

2) өтініштерге қойылатын талаптардың бірлігі;

3) Жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуының кепілдіктері;

4) өтініштерді қарау кезінде төрешілдік көріністеріне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу болып табылады;

5) жеке және заңды тұлғалардың теңдігі;

6) субъектілер мен лауазымды тұлғалар қызметінің өтініштерді қарау кезіндегі ашықтығы болып табылады.

5 бап. Қарауға жатпайтын өтініштер

1. Қарауға жатпайды:

1) мұндай өтініште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзыреттеріне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген өтініш; ;

2)мәселенің мәні баяндалмаған өтініш.

2. Егер өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болған жағдайлар кейіннен жойылса, субъект немесе лауазымды адам аталған өтінішті қарауға міндетті.

Дата публикации
12 января 2007