Атқарылған жұмыстар (9 ай қорытындысы)

Облыстағы діни ахуал дамуының үрдістері: Мониторинг деректері бойынша 2020 жылдың ІІI тоқсанында діни ахуал тұрақты, әрі болжамды болып сақталды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың ұсыныстары ескеріле отырып, облыс бойынша 46 мешіт салынуда. Діни ахуал басқарманың бақылауында және толықтай мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Карантин режимі және карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің № 27 қаулысына  сәйкес 31 тамыздан бастап діни бірлестіктердің жұмыстары қайта қолға алынып, діни ғибадатханалар ашылды. Нәтижесінде, діни бірлестіктер тарапынан карантиндік режимді бұзу фактілері тіркелмеді.

Діни бірлестіктер және олардың филиалдарымен пайдаланатын ғибадаттар (ғимараттар) және басқа үй-жайлар туралы мәліметтер. Діни бірлестік пен филиалдарын жалпы саны 640-ты (2 мешіт ІІI тоқсанда қосылды) құрады. Оның ішінде: ислам мешіті-470 (есепті кезеңде 2 мешіт «Алакөл ауданы, Ақтүбек-жұма және Қызылқайың-намаз» мемлекеттік тіркеуден өтіп, жалпы тізімге қосылды), православ-52, Рим-Католик-11, протестанттық-95, Ехоба куәгерлері-10, Бахай-1, Кришна санасы-1.

Облыс бойынша  ислам мешіттерінде 576 имам қызмет атқаруда. Бас имамдар 284, молдалар 163, наиб имамдар 96, ұстаздар 22, азаншылар 11 (161 жоғары білімді, 108 медресе түлектері, 226 арнайы курс тәмамдаған, 81 орта білімді).

Христиандық және дәстүрлі емес діни бағыттарында 311 діни қызметкер жұмыс істеуде. Олардың ішінде: 75 православтық, 29 Рим-Католиктік, 204 протестанттық, 2  Бахаи, 1 Кришна санасы (58 жоғары білімді, 42 орта білімді, 211 курстан өткен қызметкерлер қызмет атқарады).

Миссионерлік қызметтің жағдайы. Өңірде миссионерлік қызметті жүргізуге арнайы куәлігі бар  31 миссионер (есепті кезеңде 4 миссионердің құжаттары қарастырылып, заңды түрде тізімге қосылды) тіркелген. Олар: Корея Республикасынан –7, Польша Республикасынан–8, Италия Республикасынан –1, Қазақстан Республикасынан–3, Испания Корольдігінен –6, Түркия Республикасынан –1, Литвадан –1, Колумбия Республикасы –2, Мозамбик Республикасы –1, Кения Республикасынан –1.

Діни әдебиеттерді таратуға арналған арнайы тұрақты орындардың қызметі. Облыс әкімдігінің қаулысымен (2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 337 «Діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарды таратуға арналған арнайы стационарлық үй-жайлардың, діни нысандардың орналасуын және діни ғимараттардан тыс жерде діни рәсімдер өткізілетін орындардың орналасуын келісу туралы») діни әдебиеттерді таратуға арналған 20 арнайы тұрақты орындар бекітілген. Оның ішінде 4 орында (Алакөл, Ескелді, Қарасай, Панфилов аудандары) діни әдебиеттер сатылады. Сондай-ақ, Қарасай, Кербұлақ аудандары және Талдықорған қаласынан діни әдебиеттер сату үшін рұқсат алу ұсыныстары түсіп, басқарма тарапынан қарастырылуда.

Ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың қызметі. Алматы облысының  2012 жылғы 10 желтоқсандағы № 389 қаулысымен 8 намазхана келісілді.Карантиндік ережелерін сақтап (маска кию, қашықтықты ұстау т.б.) орта есеппен күніне келушілер саны 20-25 адам. Қызметтер Ханафи мазхабына сәйкес жүргізіледі.

БАҚ-да мақалалар жариялау жұмыстары. Жүргізілген ақпараттық-насихат жұмысы бойынша облыстық, аудандық БАҚ-тарда дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу және радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған өзекті мәселелер бойынша IІІ тоқсанда 277            (І тоқсанда 182, ІІ тоқсанда 139) мақала жарияланды.

 Ақпараттық-насихат және түсіндіру жұмыстары. Алматы облысы дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының 2020 жылға жаңартылған құрамына сәйкес 1 облыстық, 3 қалалық, 17 аудандық жалпы 21 топ, 350 мүшесімен жұмыс атқаруда.

Облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін: 102 мемлекеттік қызметкер, 3 мәслихат депутаттары мен Нұр-Отан партиясының басшылары, 40 Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, 4 Қазақстан Халқы Ассамблеясы және этномәдени топ өкілдері, 20 дінтанушы, исламтанушы, теолог (ҚР ЖОО), 73 ҚМДБ имамдары және басқа да діни бірлестіктердің өкілдері, 25 құқыққорғау органдары қызметкерлері, 2 мәдениет өкілі, 24 БАҚ өкілдері, 39 ЖОО-ның оқытушылары, мектеп директорлары мен мұғалімдері, аурухана меңгерушілері мен қызметкерлері, 4 ДІБ мен КММ қызметкерлері, 14 Ардагерлер кеңесінің өкілдері тартылған. 

2020 жылдың ІІІ тоқсанында облыс бойынша жоспарға сәйкес 443 түрлі форматтағы іс-шаралар (273 онлайн- кездесу,  11 кездесу, 135 акция, 5 онлайн-сұхбат, 5 онлайн-қабылдау, 2 онлайн-оқыту курсы, 8 онлайн-тренинг, 4 онлайн-семинар) өткізіліп, жалпы 57 186 адам қамтылды. Барлық іс-шаралар карантиндік талаптарды ескере отырып жүргізілді. АТТ мүшелері жүргізген іс-шараларда қамтылған негізгі мақсатты аудитория: жастар (жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, ЖОО студенттері, маргиналды жастар), мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, өндірістік және коммерциялық кәсіпорындардың қызметкерлері, діншіл жамағат, сотталғандар.

Халық арасында дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, деструктивтік және радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған (кітапша, бүктемелер, баннер, флаер, бағдарлама, т.б) жалпы саны 31 966 материал басып шығарылып, әр ұйымдастырылған шараларда облыс тұрғындары арасында таратылуда. Басқармаға қарасты баспаханадан барлығы 8200 ақпараттық материалдар жарыққа шықты.

Діни қызмет саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында құқық бұзушылық  фактілері тіркелмеді.

Шетелдердегі теологиялық оқу орындарында білім алып жатқан Қазақстан азаматтарымен жүргізілетін жұмыстар. Бүгінгі күні, шетелде теологиялық білім алып жатқан студенттердің саны 33-ті құрап отыр. Оның 24-сы білім алуға лайықты, 9-ы күмәнді оқу орындарында білім алуда. Басқарманың теолог мамандары ҚР ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесе шетелде білім алып жатқан студенттердің ата-аналарымен 11 кездесу өткізді.

«Жусан» гуманитарлық арнайы операциясының негізінде қайтарылған азаматтардың әлеуметтік-психологиялық паспорттары жаңартылды. Террористік белсенді аймақтардан қайтарылған тұлғаларды одан әрі оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстары әлеуметтік желі арқылы «онлайн сұхбаттасу» тәсілінде жалғастырылуда. III-тоқсанда «Әбу Мансур әл-матуридидің өмірі және методологиясы», «Имам матуриди – ақида саласында имам Әбу Ханифаның ізбасары», «Жаратушыны тануда ақылдың орны», «Арапа күнінің ерекшеліктері», «Көрші ақысы», «Ата-ананы құрметтеу, туыстық қатынасты үзбеу» т.б. тақырыптарында азаматшалармен 38 жеке сабақтар өтті.

Сенім телефонының қызметі. Халыққа дін саласында психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша сенім телефоны өз қызметін жалғастыруда. Сенім телефонының қызметі мен жұмыс тәртібін бұқаралық ақпарат құралдары, яғни облыстық, аудандық газеттерге, «Жетісу» телеарнасының телемаркеті мен жүгіртпе жолына үздіксіз хабарламалар беру арқылы халықтың назарына жеткізілуде.

Сондай ақ, «Қауырт желі 114» туралы ақпарат БАҚ беттеріне және әлеуметтік желілерде жарияланды.

Ағымды жылдың ІІІ тоқсанында 8 қоңырау келіп түсіп, мамандар тарапынан сұрақтарға тиянақты жауаптар берілді. Талдау нәтижесі көрсеткендей, сұрақтардың басым көпшілігі діни терминдерге және діни амалдарға қатысты. Шақырту мен түсіндіру жұмыстарын талап ететін қоңыраулар түспеді.

Әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы жүргізілген жұмыстар. Ағымды жылдың шілде, тамыз, қыркүйек айларында Алматы облысы дін істері басқармасына қарасты интернет кеңістігінде қарсы ақпараттандыру жұмыстары бойынша  басқармаға қарасты Facebook, Вконтакте, Instagram, әлеуметтік желілеріне жалпы 11 217 материалдар жарияланып, 344 бейнебаяндар, 679 демотиваторлар, 6016 ақпараттық материал және т.б. интернет-ресурстарында жарық көрді, жалпы қаралым 88 836-ны құрайды. Интернет-кеңістіктің мониторингі барысында деструктивті сипаттағы 289 материал анықталып, оның ішінде 263 бұғатталды.

Басқармаға және оған қарасты орталықтың бастамасымен басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, «NUR OTAN» партиясы қалалық филиалының қызметкерлері, дәстүрлі діни бірлестіктердің жетекшілері, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған 275-ке жуық мүшесі бар, Whatsapp мессенджеріндегі «Дін мәселелері» атты группаға IІІ тоқсанда 1500-ға жуық ақпарат жіберілді.

Сонымен қатар, зерттеу орталығының бастамасымен құрылған, жастар ұйымдарының өкілдерінен, діни бірлестіктер өкілдерінен, теологтар және дінтанушылардан, облыстың және аудандардың ИТ топтарының өкілдерінен, құқық қорғау органдары мен қоғам қайраткерлерінен құралған «Whats app» мессенджеріндегі «Имамдар қауымдастығы», «Дінтанушылар», «Діни бірлестіктердің жетекшілері», «Жетісу жастары» топтары дін саласындағы тақырыптық материалдармен және объективті ақпараттармен күн сайын толықтырылады. Барлық  топтарда шамамен 2500-ге жуық тіркелуші.

Талдықорған қаласы мешіттерінің ерлер және әйелдер жамағаты арасында Whatsapp мессенджерінде 350 мүшесі бар «Рухани азық» атты группасына діни сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттар үнемі жіберілуде.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Талдықорған өңірі бойынша өкілдігі орталық «Иман» мешітінің жеке taglym.kz сайтындағы онлайн режиміндегі радио, жұма уағыздарын және басқа да сабақтарды халық назарына салуда.

Дінге қатысты сан сауалдарға жауап беріп, имани сауатты ету, иманға шақыру мақсатында жұма күндері 20 минуттық «Имани гул» радио бағдарламасында иманнан сұхбат алынады, Құранда жазылған жаратылыс сырлары мен ғылыми ашылулар айтылып, Пайғамбарлар туралы қиссалар оқылады. 

Интернет кеңістіктеріндегі талдау жұмыстары.  Облыстағы діни ахуалға «Kazdream Technologies» қызметімен бірлесе отырып мониторинг жұмыстарын жүргізу нәтижесінде интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы радикалды және деструктивті діни ағымдар идеологиясының әсеріне ұшыраған азаматтар санының төмендеуі байқалады. Дәстүрлі емес діни ағымдардың идеологиясына қызығушылық танытқан 19420 (ІІ тоқсанда -20 935) ғаламтор тұтынушылары анықталды.

Аудан, қала әкімшіліктерімен, құзырлы мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып атқарған ақпараттық түсіндіру жұмыстары нәтижесінде көрсеткішті 1199 тіркелушіге азайта алдық: салафиттік ресурстарға тіркелген тұтынушылар саны –17 883 (1477 тіркелушіге азайды), елуіншілер ресурстарына тіркелген тұтынушылар саны –502 (35 тіркелушіге азайды), суруризмдік ресурстарға тіркелген тұтынушылар саны –771 (60 тіркелушіге азайды), хададизм – 2220 (617  тіркелушіге азайды).

Мониторинг жүргізу барысында анықталған теріс діни ағымға қызығушылық танытып жүрген 800 қолданушылар тізімін облыстың аудан әкімдіктеріне, ҚР ҰҚҚД, облыстық Полиция Департаментіне, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен оңалту орталығына жіберіліп,  қауіпті аудандарға ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен оңалту жұмыстары бағытталады. Зерттеу орталығы тарапынан ақпараттық кеңістіктегі деструктивті контенттің таралуын болдырмау бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.

Сондай-ақ, ақпараттық кеңістіктегі деструктивті контенттің таралуын болдырмау бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.

Дата публикации
05 октября 2020