Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының екі жылжымалы медициналық кешені осы аптада Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде. Арнайы жабдықталған кешендер шалғай елді мекендердегі халыққа онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған тексерулерден өтуге мүмкіндік береді.
Жылжымалы кешендерде маммография, компьютерлік томография (КТ) және онколог дәрігердің жолдамасы бойынша ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізіледі. Бұл тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға, қатерлі ісікке күдік туындаған жағдайда пациенттерді қосымша тексеруге бағыттауға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 3 ақпан мен 19 желтоқсан аралығында жылжымалы медициналық кешендерде 13 414 пациент тексеруден өткен. Оның ішінде 4 342 әйел маммографиядан, 5 624 пациент онкологтың жолдамасы бойынша УДЗ-дан, 3 228 адам компьютерлік томографиядан өткен. Тексеру нәтижесінде 32 пациенттен қатерлі ісік анықталып, 290 адамда қатерлі ісікке күдік туындаған, 490 пациенттен обыр алды аурулар табылған.
Ал 2026 жылғы 4 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында 11 661 пациент тексерілген. Оның ішінде 4 774 әйел маммографиядан, 3 881 пациент УДЗ-дан, 3 006 адам КТ-дан өткен. Нәтижесінде 32 пациенттен қатерлі ісік анықталып, 346 адамда қатерлі ісікке күдік байқалған, 219 пациенттен обыр алды аурулар анықталған.
Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының директоры Саяхат Олжаевтың айтуынша, жылжымалы медициналық кешендердің басты мақсаты – медициналық көмекті халыққа барынша жақындату және шалғай елді мекендер тұрғындарының заманауи диагностикадан өту мүмкіндігін кеңейту.
«Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – емнің тиімділігін арттырудағы маңызды қадам. Сондықтан тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, қажетті диагностикалық тексерулерден уақытылы өтуіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, ауруларды ерте анықтау мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға күш саламыз», – деді Саяхат Олжаев.
Мамандар тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау емдеу нәтижелерін жақсартуға және асқыну қаупін төмендетуге ықпал етеді.
Наркотикалық және алкогольдік тәуелділік – адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, әлеуметтік ортасына және болашағына әсер ететін күрделі мәселе. Дегенмен, дер кезінде мамандарға жүгініп, тиісті ем мен оңалтудан өту арқылы қалыпты өмірге оралуға болады. Алматы облысында тәуелділікке тап болған азаматтарға қандай медициналық көмек көрсетіледі? Емдеу қалай жүргізіледі? Көмекті тегін әрі құпия түрде алуға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Тәжеков Әлімбек Мұхтарұлы жауап берді.
– Әлімбек Мұхтарұлы, соңғы жылдары есірткіге тәуелділік мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Мамандарды қандай қауіптер көбірек алаңдатады?
– Соңғы жылдары есірткі нарығы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе, синтетикалық психобелсенді заттардың таралуы адам денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді. Мұндай заттардың құрамы мен әсері әртүрлі болуы мүмкін. Оларды тұтыну қысқа уақыттың ішінде тәуелділіктің қалыптасуына, психикалық және физикалық денсаулықтың нашарлауына әкелуі ықтимал.
Қауіп тек тәуелділіктің пайда болуымен шектелмейді. Адамның ұйқысы бұзылып, мазасыздық, көңіл күйдің күрт өзгеруі, есте сақтау қабілетінің төмендеуі және мінез-құлқындағы өзгерістер байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда ауыр психикалық бұзылыстар да дамиды. Мұның салдары адамның өзіне ғана емес, оның отбасына, жақындарына және күнделікті өміріне де әсер етеді.
Сондықтан мәселенің асқынуын күтпей, алғашқы белгілер байқалған кезде-ақ маманға жүгіну маңызды. Көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, емнің тиімділігін арттыруға және ықтимал асқынулардың алдын алуға мүмкіндік соғұрлым жоғары болады.
– Көптеген адам наркологқа баруға жүрексінеді. Бірі қоғамның теріс көзқарасынан қорықса, енді бірі есепке қойылып, өмір бойы белгілі бір шектеулерге тап боламын деп алаңдайды. Бұл қорқыныш қаншалықты негізді?
– Өкінішке қарай, мұндай түсініктер адамдардың уақытылы көмек алуына кедергі келтіреді. Кең тараған қате пікірдің бірі – маманға жүгінген адам өмір бойы есепте тұрады деген түсінік.
Медициналық бақылаудың негізгі мақсаты – адамды жазалау немесе оның құқықтарын шектеу емес, денсаулығын қалпына келтіруге көмектесу, жағдайын бақылау және қажетті медициналық-психологиялық қолдау көрсету.
Динамикалық бақылау аясында мамандар пациенттің денсаулық жағдайын бағалап, емдеу шараларын түзетіп, ықтимал асқынулардың алдын алады.
Сонымен қатар, өзіне қатысты ақпараттың жария болуынан қауіптенетін азаматтарға анонимді түрде кеңес алу және емделу мүмкіндігі қарастырылған. Медициналық ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пациенттердің жеке деректері мен дәрігерлік құпиясын сақтауға міндетті.
Дегенмен, анонимді қабылдаудың нақты шарттары мен медициналық көмектің тәртібін тиісті медициналық ұйымнан алдын ала анықтаған жөн. Ең бастысы – ұялу немесе қорқыныш салдарынан көмекке жүгінуді кейінге қалдырмау.
– Тәуелділіктен емделуді тегін алуға бола ма?
– Иә, тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетіледі. Көмектің нақты көлемі мен оны алу тәртібі пациенттің жағдайына және қолданыстағы медициналық талаптарға сәйкес айқындалады.
Алматы облысының тұрғындары Талғар қаласындағы Облыстық психикалық денсаулық орталығына немесе тұрғылықты жері бойынша аудандық орталық ауруханалар жанындағы психикалық денсаулық және наркология кабинеттеріне жүгіне алады.
Алғашқы кеңесті тіркелген емханадағы жалпы практика дәрігерінен де алуға болады. Қажет болған жағдайда дәрігер пациентті тиісті бейінді маманға жолдайды.
Көмек алу үшін тәуелділіктің асқынуын күтудің қажеті жоқ. Уақытылы кеңес алу мәселені анықтап, әрі қарайғы емдеу жолын белгілеуге мүмкіндік береді.
– Емдеу қалай жүргізіледі? Орталыққа алғаш рет жүгінген адамды қандай кезеңдер күтеді?
– Ең алдымен, маман пациенттің жағдайын бағалайды. Психобелсенді заттарды тұтыну ерекшеліктері, қатар жүретін аурулар мен ықтимал асқынулар ескеріледі. Тексеру нәтижесіне қарай жеке емдеу жоспары жасалады.
Емдеудің негізгі кезеңдерінің бірі – дәрі-дәрмекпен емдеу және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда детоксикация жүргізу. Бұл шаралар абстиненттік синдромның, яғни халық арасында «ломка» деп аталатын жағдайдың белгілерін жеңілдетуге және пациенттің жағдайын тұрақтандыруға бағытталған. Қажет болған жағдайда ем Талғар қаласындағы стационарда медицина қызметкерлерінің бақылауымен жүргізіледі.
Алайда жедел белгілерді жеңілдету – емдеудің алғашқы кезеңі ғана. Ағзаны зиянды заттардан тазарту тәуелділік мәселесін өздігінен толық шешпейді. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін пациентке медициналық, психологиялық және әлеуметтік қолдау қажет.
– Оңалту жұмыстары қалай жүргізіледі және оның маңызы неде?
– Тәуелділік адамның өмірінің көптеген саласына әсер етеді. Сондықтан оңалтудың мақсаты тек психобелсенді заттарды тұтынуды тоқтату емес, адамның күнделікті өмірге қажетті дағдыларын қалпына келтіру және қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу.
Бұл үдеріске нарколог дәрігерлер, психотерапевтер, бейінді психологтер және химиялық тәуелділік бойынша мамандар қатысады. Пациенттер күйзеліспен зиянды заттарды тұтынбай күресуді, тәуелділікке қайта оралуға түрткі болатын жағдайларды тануды және ықтимал қайталанудың алдын алуды үйренеді.
Орталық базасында емдеу-еңбек шеберханасы да жұмыс істейді. Мұнда пациенттер тұрмыстық, әлеуметтік және еңбек дағдыларын қалпына келтіріп, пайдалы іспен айналысу арқылы өз мүмкіндіктеріне деген сенімін нығайтады.
Жыл басынан бері шеберханада көрпе, пижама, тоқылған шұлық, бас киім және ұлттық нақыштағы күртешелерді қоса алғанда, 54 бұйым дайындалған. Өнімдердің бір бөлігі пациенттердің және мекеменің құрылымдық бөлімшелерінің қажеттілігіне пайдаланылады.
Бұл күнделікті еңбек болғанымен, оңалтудан өтіп жатқан адам үшін оның маңызы зор. Ол тәртіпке үйренуге, өз еңбегінің нәтижесін көруге, өзіне деген сенімділікті арттыруға және қоғамға қайта бейімделуге ықпал етеді.
– Адамның сауығып кетуіне отбасының қолдауы қаншалықты маңызды?
– Отбасының қолдауы өте маңызды. Көбіне жақындары адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді бірінші болып байқайды. Бірақ мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін бәрі бірдей біле бермейді.
Кейде мәселені тек тыйым салу, кінәлау немесе үнемі бақылау арқылы шешуге тырысады. Алайда мұндай тәсіл әрдайым нәтиже бермейді, керісінше, отбасындағы түсініспеушілікті күшейтуі мүмкін.
Ең алдымен, адаммен қарым-қатынасты үзбей, оны кемсітпей, денсаулығына алаңдайтыныңызды білдірген жөн. Сонымен бірге қолдау көрсету тәуелділікті ақтау немесе қауіпті әрекеттерге көз жұму дегенді білдірмейді.
Әлеуметтік бейімдеу кезеңінде пациенттің туыстарымен де жұмыс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетіледі. Бұл оларға жақын адамын дұрыс қолдауды, жеке шекараны сақтауды және қиындықты жалғыз еңсеруге тырыспауды үйренуге мүмкіндік береді.
– Жақын адамның бойындағы қандай өзгерістерге назар аудару қажет?
– Көңіл күйдің күрт өзгеруі, әдеттен тыс мінез-құлық, шамадан тыс тұйықталу, ұйқының бұзылуы және күнделікті өмір салтындағы түсініксіз өзгерістер алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Кейде жақындары белгісіз заттарды, күмәнді қаптамаларды немесе басқа да күдік тудыратын бұйымдарды байқайды.
Дегенмен, бұл белгілердің әрқайсысы өздігінен тәуелділіктің бар екенін дәлелдемейді. Олардың басқа да себептері болуы мүмкін. Сондықтан бірден айыптап, өз бетінше диагноз қоюға болмайды.
Ең дұрысы – адаммен сабырлы сөйлесіп, оның денсаулығына алаңдайтыныңызды жеткізіп, маманның көмегіне жүгінуді ұсыну.
Егер адамның есінен тануы, құрысуы, қатты қозуы, елестеулердің пайда болуы немесе тыныс алуының қиындауы сияқты қауіпті белгілер байқалса, дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
– Көмекке жүгінуге әлі де батылы жетпей жүрген адамдарға не айтар едіңіз?
– Ең алдымен, өз мәселесін мойындаудан ұялмауға және көмек сұраудан қорықпауға шақырамын. Тәуелділік – кәсіби емдеуді қажет ететін ауру. Оны тек ерік-жігердің күшімен жеңуге тырысу әрдайым нәтиже бере бермейді. Бұл адамның әлсіздігін немесе оның сауығуға мүмкіндігі жоқ екенін білдірмейді.
Маманға жүгіну – ұят емес, өз денсаулығы мен болашағы үшін жасалған жауапты қадам. Қолдау тек тәуелділікке тап болған адамға ғана емес, оның отбасына да қажет.
Медицина мамандарының міндеті – пациентке емделу мен оңалтудан өтуге көмектесу, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және толыққанды өмірге қайта оралуына жағдай жасау.
Көмек алу үшін қайда жүгінуге болады?
Алматы облысының тұрғындары төмендегі мекемелерге хабарласа алады:
* Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығы: Алматы облысы, Талғар қаласы, Д. Қонаев даңғылы, 97.
* Аудандық медициналық ұйымдар: тұрғылықты жері бойынша аудандық орталық ауруханалар жанындағы психикалық денсаулық және наркология кабинеттері.
* Тіркелген емхана: жалпы практика дәрігеріне жүгініп, қажет болған жағдайда бейінді маманның кеңесін алуға болады.
* 1475 байланыс орталығы (Call-центр): көмек алу тәртібі мен қажетті ақпаратты нақтылау үшін хабарласуға болады.
Ең бастысы – мәселені жалғыз шешуге тырыспау. Уақытылы көмек, кәсіби ем және жақындардың қолдауы адамның денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуына мүмкіндік береді. Тәуелділік – үкім емес. Ең маңыздысы – алғашқы қадамды жасау.
Медицина кадрларының кәсіби дамуы, заманауи технологияларды игеру және халықаралық тәжірибе алмасу - халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды бағыттары.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының уролог дәрігері Айдар Жанбатырұлы Сабаев Орталық Азияның бес еліне арналған қашықтан басқарылатын роботтандырылған хирургия бойынша халықаралық оқу курсына қатысуда. Оқу бағдарламасы Қытай Халық Республикасының Чэнду қаласында, Сычуань университетінің Батыс Қытай ауруханасы базасында өтуде. Бұл – Қытайдағы клиникалық медицина, медициналық білім беру және ғылыми зерттеулерді ұштастырған ірі медициналық орталықтардың бірі.
Қазақстандық маманның халықаралық оқу бағдарламасына қатысуы – оның кәсіби біліктілігін арттыруға, хирургия саласындағы озық технологиялармен танысуға және шетелдік әріптестердің тәжірибесін меңгеруге бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастамалар дәрігерлердің кәсіби білімін кеңейтіп қана қоймай, отандық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруға да ықпал етеді.
Қазіргі хирургия қарқынды дамып, күрделі операцияларды орындаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Соның ішінде роботтандырылған хирургиялық жүйелердің маңызы ерекше. Бұл технологиялар хирургке арнайы консоль арқылы хирургиялық құралдарды басқаруға мүмкіндік береді. Оларды меңгеру үшін терең клиникалық біліммен қатар, жоғары дәлдік, техникалық даярлық және операциялық топпен үйлесімді жұмыс істеу қабілеті қажет.
Халықаралық оқу курсына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 34 медицина маманы қатысуда. Бағдарлама теориялық дәрістерді, симуляциялық жүйелерде практикалық жаттығуларды, нұсқаушылардың жетекшілігімен хирургиялық манипуляцияларды орындауды және клиникалық операцияларды бақылауды қамтиды.
Қатысушылар роботтандырылған жүйелерді орнату және бөлшектеу, троакарларды орналастыру қағидалары, хирургиялық консоль мен камераны басқару, негізгі хирургиялық манипуляцияларды орындау, тігіс салу және хирургиялық түйін байлау дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар операциялық топ мүшелерінің өзара үйлесімді әрекетіне, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға ерекше назар аударылады.
Айдар Жанбатырұлының айтуынша, оқу бағдарламасының маңызды бөлігі – жалпы хирургия мен урология салаларындағы роботтандырылған операцияларды бақылау және қашықтан хирургия орталығымен танысу. Бұл қатысушыларға операциялық бригаданың жұмыс тәртібін, мамандар арасындағы міндеттерді бөлуді және заманауи технологияларды клиникалық тәжірибеде қолдану ерекшеліктерін зерделеуге мүмкіндік береді.
1892 жылы құрылған Сычуань университетінің Батыс Қытай ауруханасы клиникалық қызметті, медициналық білім беруді және ғылыми зерттеулерді қатар дамытып келеді. Мекеменің негізгі бағыттарына күрделі ауруларды емдеу, бауыр, өт жолдары мен ұйқыбез хирургиясы, бауыр трансплантациясы және аз инвазивті хирургиялық технологияларды дамыту жатады.
Теориялық сабақтар мен практикалық жаттығулар Батыс Қытай медициналық симуляция орталығында өткізіледі. Мұнда қатысушылар жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеу негіздерін үйреніп, хирургиялық дағдыларын жетілдіреді және заманауи медициналық технологияларды қолдану кезіндегі қауіпсіздік қағидаларымен танысады.
Бағдарламаға тәжірибелі оқытушылар мен клиникалық мамандар қатысуда. Аурухана директорының орынбасары У Хун оқу курсын таныстырып, заманауи хирургтің кәсіби қалыптасуы туралы дәріс оқыды. Оның баяндамасында хирургтің операциялық үстел жанындағы жұмысынан бастап, роботтандырылған консольді басқаруға дейінгі кәсіби даму жолы қарастырылды.
Оқытушы Ли Сян урологиядағы роботтандырылған хирургияның даму тарихы мен қазіргі бағыттарын таныстырса, Сян Бо хирургиялық роботтарды қолданудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктеріне тоқталады.
Айдар Жанбатырұлы үшін бұл оқу курсы урология саласындағы білімін тереңдетуге, заманауи хирургиялық тәсілдерді зерделеуге және халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік береді. Алынған білім мен тәжірибе алдағы уақытта әріптестерімен кәсіби тәжірибе алмасуға және дәрігерлік біліктілігін одан әрі жетілдіруге негіз бола алады.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына ерекше мән беріледі. Мекеме директоры Айман Галимжанқызы Ракишева мамандардың біліктілігін арттыруға, олардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіруге басымдық береді.
Қазіргі медицина жағдайында аурухананың басты жетістігі – оның материалдық-техникалық базасымен қатар, кәсіби білімі терең, жауапкершілігі жоғары және үнемі ізденісте жүретін мамандар ұжымы. Дәрігерлердің жаңа білім игеріп, заманауи әдістерді меңгеруі медициналық қызметтің сапасын арттыруға және денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысу – мамандардың кәсіби деңгейін көтерудің, тәжірибе алмасудың және медицинаның жаңа бағыттарын зерделеудің тиімді жолы. Әрине, роботтандырылған операцияларды клиникалық тәжірибеге енгізу үшін арнайы жабдықтар, тиісті дайындықтан өткен мамандар тобы және белгіленген клиникалық талаптардың толық сақталуы қажет. Дегенмен халықаралық тәжірибені меңгеру болашақтағы даму мүмкіндіктерін бағалауға және кәсіби даярлықтың жаңа бағыттарын айқындауға көмектеседі.
Айдар Жанбатырұлының Қытайдағы халықаралық оқу курсына қатысуы – кәсіби жетілуге, заманауи медициналық технологияларды игеруге және отандық денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі.
Медицинаның дамуы – білімді, тәжірибелі әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын дәрігерлердің еңбегінің нәтижесі. Бүгінгі кәсіби білімге салынған инвестиция – ертеңгі денсаулық сақтау жүйесінің сапалы дамуына жасалған маңызды қадам.
Қазан айы әлемде сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпараттандыруға арналған «Қызғылт қазан» халықаралық айлығы ретінде аталып өтеді. Бастаманың негізгі мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу, қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау және әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Сүт безі қатерлі ісігі әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі саналады. Ауруды бастапқы кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттырып, сауығу мүмкіндігін жоғарылатады. Сондықтан профилактикалық тексерулерден уақытылы өту және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгіну ерекше маңызды.
Бұл туралы брифинг барысында Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының операциялық бөлім меңгерушісі, онколог-маммолог, хирург Дәулет Айдаров мәлімдеді.
«Онкологиялық аурулармен күресте ең маңызды факторлардың бірі – ерте диагностика. Әйелдер сүт безінің денсаулығына тұрақты назар аударып, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуі қажет. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емдеу мүмкіндіктері соғұрлым жоғары болады. Ал сүт безінде қандай да бір өзгеріс байқалса, скринингті күтпей, бірден дәрігерге қаралған жөн», – деді Дәулет Айдаров.
Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастар саны 240 мыңға жуықтады. 2025 жылы елімізде 41 мыңға жуық адамға қатерлі ісік диагнозы алғаш рет қойылған. Сонымен қатар онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 14%-ға төмендеген.
Алматы облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі жылжымалы медициналық кешен шалғай елді мекендердің тұрғындарына заманауи диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкіндік береді. Кешен компьютерлік томография, цифрлық маммография және жоғары санатты ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен жабдықталған.
2026 жылдың басынан бері жылжымалы медициналық кешен 48 елді мекенді қамтыды. Осы кезеңде 4 774 маммография, 3 881 ультрадыбыстық зерттеу және 3 007 компьютерлік томография жүргізілді. Нәтижесінде 32 қатерлі ісік және 542 ісік алды жағдайы анықталды.
Биылғы жеті айда өңірде жаңадан қатерлі ісік диагнозы қойылған 1 360 пациент тіркелген. Олардың ішінде 429 жағдай аурудың I сатысында, 360-ы II сатысында, 376-сы III сатысында және 117-сі IV сатысында анықталған.
Сүт безі қатерлі ісігі бойынша 169 жаңа жағдай тіркелді. Оның ішінде 42 пациентте аурудың I сатысы, 103 пациентте II сатысы, 15 пациентте III сатысы және 9 пациентте IV сатысы анықталған.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің 80 жағдайы тіркелсе, жатырдың эндометрий қатерлі ісігі бойынша 47, аналық без қатерлі ісігі бойынша 32 жаңа жағдай анықталған.
2026 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша, өңірде онкологиялық есепте 13 064 пациент тұр. Олардың 6 536-сы бес жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы дәрігерлердің бақылауында. Сүт безі қатерлі ісігі бойынша диспансерлік есепте 2 790 пациент бар, оның 1 488-і бес жыл және одан да ұзақ уақыт бойы бақылауда тұр.
Мамандар скринингтің ауру белгілері байқалмайтын адамдар арасында қатерлі ісікті ерте анықтауға бағытталғанын еске салады. Ал сүт безінде өзгерістер немесе күмәнді белгілер пайда болған жағдайда, жоспарлы скринингті күтпей, диагностикалық тексеруден өту қажет.
«Қызғылт қазан» айлығы аясында тұрғындарды ақпараттандыру, профилактикалық тексерулердің маңызын түсіндіру және онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Алматы облысында 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 403 141 жедел медициналық жәрдем шақыртуы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға жоғары. Өңірде жедел медициналық көмек тәулік бойы көрсетіліп, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда бригадалардың уақтылы жетуіне басымдық беріледі.
Бұл туралы Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Шолпан Нұрғалиева брифинг барысында мәлімдеді.
Жедел жәрдем қандай жағдайда тегін көрсетіледі?
Жедел медициналық жәрдем Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 225/2020 бұйрығына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
103 нөміріне есінен тану, тыныс алудың немесе жүрек қызметінің тоқтауы, құрысу, қатты ентігу, кеуде тұсының қатты ауыруы, көп мөлшерде қан кету, ауыр жарақат алу, сондай-ақ сөйлеу немесе қимыл-қозғалыстың кенеттен бұзылуы сияқты шұғыл жағдайларда хабарласу қажет.
«Жедел медициналық жәрдем қызметінің басты міндеті – пациентке мүмкіндігінше қысқа мерзімде жетіп, оның жағдайын бағалау және қажетті медициналық көмекті көрсету. Шақыртулардың жеделдік санаты пациенттің жағдайына қарай анықталады. Сондықтан тұрғындар денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген жағдайда 103 нөміріне дереу хабарласуы керек», – деді Шолпан Нұрғалиева.
Шақыртуға жету уақыты қалай анықталады?
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жедел жәрдем шақыртулары төрт санатқа бөлінеді. Бригаданың келу уақыты шақыртудың жеделдік санатына байланысты белгіленеді: бірінші санат бойынша – 10 минутқа дейін, екінші санат бойынша – 15 минутқа дейін, үшінші санат бойынша – 30 минутқа дейін, төртінші санат бойынша – 60 минутқа дейін.
103 нөміріне қоңырау түскеннен кейін диспетчер пациенттің жағдайын анықтап, шақыртуды тіркейді. Одан әрі медициналық бригада науқастың мекенжайына жіберіледі. Дәрігерлер немесе фельдшерлер пациентті тексеріп, қажетті көмекті көрсетеді және ауруханаға жатқызу қажеттілігін медициналық көрсеткіштерге сәйкес шешеді.
Төртінші санаттағы шақыртуларға кім қызмет көрсетеді?
Пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін, бірақ медициналық көмекті қажет ететін жағдайларда шақырту алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының мобильді бригадаларына берілуі мүмкін.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін және сенбі күні сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін төртінші санаттағы шақыртуларға емханалардың мобильді бригадалары қызмет көрсетеді. Қалған уақытта мұндай шақыртуларды жедел медициналық жәрдем бригадалары қабылдайды.
Бұл тәртіп жедел жәрдем ресурстарын өміріне қауіп төнген және шұғыл көмекке мұқтаж пациенттерге тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Алматы облысының жедел жәрдем қызметі
Өңір халқының саны 1 миллион 652 мыңнан асады. Бүгінде облыстың жедел медициналық жәрдем қызметі Қонаев қаласындағы бір станцияны, 13 аудандық қосалқы станцияны, ауылдық елді мекендердегі 66 дислокация орнын және бір медициналық авиация бөлімшесін қамтиды.
Халыққа тәулік бойы медициналық көмек көрсету үшін 147 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына қарасты 42 мобильді бригада қызмет көрсетеді.
Медициналық авиация – шалғай елді мекендер үшін маңызды қызмет
Алматы облысының географиялық ерекшеліктерін ескерсек, медициналық авиацияның маңызы зор. Бұл қызмет шалғай елді мекендердегі науқастарға бейінді мамандарды жедел жеткізуге немесе пациенттерді жоғары деңгейдегі медициналық ұйымдарға тасымалдауға мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында медициналық авиация қызметі аясында 210 шала туған нәресте тасымалданған. Транспорттық инкубаторды пайдалану арқылы 356 тасымалдау жүзеге асырылған. Білікті мамандардың қатысуымен 277 операция жасалып, жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты 143, жарақаттарға байланысты 183 жағдай бойынша көмек көрсетілген. Сонымен қатар акушерлік-гинекологиялық бағытта 40 көмек көрсетіліп, 744 консультациялық кеңес өткізілген.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің тиімділігі тек бригадалардың санына ғана емес, шақыртуларды дұрыс саралауға, медициналық көмекті үйлестіруге және пациентті қажетті медициналық ұйымға уақытылы жеткізуге де байланысты. Сондықтан тұрғындардың 103 нөмірін шұғыл жағдайларда дұрыс пайдалануы өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы күніне орай Облыстық балалар клиникалық ауруханасының мамандары Алматы облысының елді мекендеріне шығып, балаларға профилактикалық медициналық тексеру жүргізуде.
Көшпелі медициналық тексерулер Қонаев қаласындағы Балалар үйінде, Шелек ауылының №1 Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында және Балқаш аудандық орталық ауруханасында ұйымдастырылды. Нәтижесінде аталған медициналық ұйымдарда 460-тан астам бала бейінді мамандардың тексеруінен өтіп, медициналық кеңес пен қажетті ұсынымдар алды.
Көшпелі медициналық бригадалардың құрамында травматолог-ортопед, невропатолог, офтальмолог, стоматолог, оториноларинголог, кардиолог-эхокардиография маманы, онкогематолог, пульмонолог және нефролог мамандары болды.
8 қазан күні Жамбыл аудандық орталық ауруханасында балаларды бейінді мамандардың тексеруі жоспарланған.
Мұндай көшпелі медициналық тексерулер балалардың денсаулығын ерте кезеңде бағалауға, ауруларды дер кезінде анықтауға және қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді.
Еуропалық ағзалар доноры күніне орай Алматы облысында қайтыс болғаннан кейінгі донорлық пен трансплантологияның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Өңірде соңғы жылдары донорлық процестерді ұйымдастыру және медициналық үйлестіру жұмыстары жүйеленіп келеді.
2025 жылы Алматы облысында екі донорлық процесс ұйымдастырылса, 2026 жылғы 16 қаңтарда үшінші донорлық процесс өткізілді. Үш жағдайда да медициналық консилиум шешімімен ми өлімі расталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті медициналық және ұйымдастырушылық рәсімдер жүргізілді.
Үш донорлық процестің нәтижесінде трансплантация үшін 6 бүйрек, 3 жүрек, 3 өкпе, 2 бауыр және 4 мөлдір қабық алынып, еліміздің тиісті трансплантациялық орталықтарына жеткізілді.
Айта кетерлігі, 2025 жылғы алғашқы донорлық процесте 2020 жылдан бері алғаш рет мөлдір қабық алынды. Бұл өңірде ағза донорлығымен қатар тіндік донорлықтың да қайта жандана бастағанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Алматы облысында трансплантацияны күтіп отырған 290 пациент бар. Оның ішінде 239 пациентке бүйрек, 28 пациентке бауыр, 22 пациентке жүрек және 1 пациентке өкпе трансплантациясы қажет.
Донорлық процес – бірнеше медициналық ұйымдар мен мамандардың үйлесімді жұмысын талап ететін күрделі әрі жауапты үдеріс. Ықтимал донор анықталған жағдайда қажетті медициналық тексерулер жүргізіліп, ми өлімі белгіленген тәртіппен расталады. Бұдан кейін донорлық процеске қатысты заңнамада көзделген барлық рәсімдер орындалады.
«Донорлық – адам өмірінің құндылығына негізделген аса жауапты үдеріс. Бір адамның өмірден өткеннен кейін оның ағзалары басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беруі – медицинадағы үлкен жауапкершілік. Біздің міндетіміз – донорлық процестің барлық медициналық және заңнамалық талаптарға сәйкес жүргізілуін қамтамасыз ету және халыққа оның маңызын дұрыс түсіндіру», – дейді Алматы облысының трансплантология саласындағы өңірлік үйлестіруші маманы Тоеке Ақерке Тұрсынбайқызы.
Донорлық – бір адамның өмірі аяқталған сәтте басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беретін ізгілік пен жауапкершіліктің көрінісі.
Алматы облысында ауылдық елді мекендердегі медицнаның сапасын жақсартуға ден қойылуда. Бүгінде шетелден біліктілігін арттырған мамандардан құралған мобильді медициналық топ 7 қыркүйек пен 9 қазан аралығында халыққа қызмет көрсетпек. Бұл туралы облыстық денсаулықс ақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.
Аталған мобильді топ шалғай аудандарда өз жұмысын жалғасытырады. Атап айтқанда, Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.
«Биыл жергілікті бюджет есебінен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 160 миллион теңге бөлінген болатын. Осы қаражаттың 100 миллион теңгесіне наурыз-сәуір айларында 37 ақ халатты маман Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының жетекші клиникалық базаларында білімін жетілдіріп қайтты. Енді олар алған тәжірибесін өңір тұрғындарының денсаулығын нығайтуға арнауда»,-деді өңірдің бас дәрігері Ержан Сүлейменов.
Мобильді топ құрамында психиатр, балалар нейрохирургы, хирург, травматолог, акушер-гинеколог, педиатр, неонатолог және жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Мамандар ауылдық жерлердегі халыққа консультациялық-диагностикалық қызмет ұсынып, күрделі клиникалық жағдайлар бойынша операторлық жолмен хирургиялық ем ұйымдастырады. Сонымен қатар жергілікті әріптестеріне практикалық тренингтер өткізіп, жаңа әдіс-тәсілдерді үйретуде.
Бұл бастама шалғай елді мекендердегі тұрғындарға сапалы әрі мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Мобильді топтың жұмысы созылмалы және алғаш рет анықталған ауруларды ерте кезеңде айқындауға мүмкіндік береді.
Спикердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Өңірде ЖРВИ мен тұмау маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша жедел респираторлы вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауға қарсы эпидемиологиялық маусым Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде жүзеге асырылуда. Алдымыздағы маусымға дайындық мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, медициналық ұйымдар толық әзірлікке келтірілді. Атап айтқанда, тұрғындарды екпемен қамту үшін 305 егу кабинеті ұйымдастырылып, науқастарды қабылдауға 301 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Эпидемиологиялық жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
«Тұмау вирусының таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын қатаң сақтау қажет. Ең тиімді әдіс — вакцинация. Биылғы маусымға орай қауіп тобындағы азаматтарды қорғау үшін 160 мың доза «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Тұмауға қарсы екпе жұмыстары қыркүйек айында басталады. Тұрғындарға көпшілік жүретін орындарға бармауды, қол гигиенасын сақтауды және алғашқы белгілер байқалған жағдайда бірден дәрігерге қаралуды ескертеміз», — деді Сәулет Қапсаламова.
Өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лейла Пернебайқызы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы толық жасақталғанын атап өтті. Оның айтуынша,
«Алматы облысында ауылдық елді мекендердегі медицина сапасын жақсартуға баса назар аударылуда. Алдымыздағы маусымға дайындық мақсатында 305 егу кабинеті мен 301 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында 129 семинар сабағы жоспарланып, қазірдің өзінде 53-і өткізілді, сондай-ақ 128 нұсқама жүргізіліп, медицина персоналы дайындықтан өтті. Тұрғындар арасындағы түсіндірме-ағарту жұмыстары жалғасуда».
26 қыркүйек 2026 жылы Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында гинекологиялық онкологиялық аурулар туралы халықтың хабардарлығын арттыру, олардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында Бірыңғай ашық есік күні өтті.
Іс-шара барысында 12 пациент дәрігерлердің консультациясын алды. Тексеру нәтижесінде 3 пациентте онкологиялық ауруға күдік анықталды, 4 пациент басқа да аурулар бойынша медициналық көмекке жүгінді.
Сонымен қатар ашық есік күні аясында 7 диагностикалық зерттеу жүргізілді.
Мұндай іс-шаралар әйелдерге мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға және қажет болған жағдайда пациенттерді қосымша тексеру мен емдеуге дер кезінде бағыттауға мүмкіндік береді.
Медицина мамандары әйелдерге профилактикалық тексерулерден тұрақты түрде өтіп, денсаулық жағдайында қандай да бір өзгерістер немесе шағымдар пайда болған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралуға кеңес береді.