Алматы облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерімен және жабдықтармен толықты

Алматы облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерімен және жабдықтармен толықты

Алматы облысының медициналық мекемелері жаңа жедел жәрдем көліктерін пайдалануға алды. Бұған дейін облысқа ӨЖЖ аппараттары, пульсоксиметрлер және оттегі концентраторлары бар гуманитарлық жүк келген болатын.

Бұл көмек «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында көрсетілді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қайырымдылығының бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қажетті жабдықтарды сатып алып, оларды өңірлерге жіберді.

Осылай Алматы облысына 4 өкпені жасанды желдету аппараты (ӨЖЖ), 5 оттегі концентраторы, 60 пульсоксиметр жеткізілді. Сондай-ақ, облысқа Shevrolet Damas маркалы 8 жедел жәрдем көлігі келді.

«Самұрық-Қазына» Қоры берген аппараттар ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл коронавирустық инфекциямен және пневмониямен күресте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге ықпал ететіні сөзсіз. Гуманитарлық көмек ретінде берілген медициналық аппараттар облыстың барлық медициналық ұйымдарына таратылады», - дейді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Айта кетейік, мұндай жиынтықтарды әрбір облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар алады.

«Бұл шаралардың барлығы біздің медицинамыздың жұқпалы аурулармен, соның ішінде COVID-19 коронавирустық инфекциямен күресуге дайындық деңгейін арттыруға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Еске сала кетейік, Меморандум аясында республиканың Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруға 100 жедел жәрдем көлігі, 1 000 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 1 000 пульсоксиметр жеткізілетін болады.