Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ұйғыр ауданына іс сапармен барды

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ұйғыр ауданына іс сапармен барды

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы Ұйғыр ауданында салынып жатқан бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Іс сапар барысында басқарма басшысы 2024 жылы құрылысы басталған Кіші Диқан, Ават, Ақтам, Тиірмен ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар мен Шырын, Дардамты ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттерге барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп, құрылыс жұмыстарын талапқа сай сапалы жүргізілуіне қатысты ескерту жасады.

Сондай-ақ салынып жатқан медицина мекемелерін облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы қатаң бақылауға алғанын айтты. Сонымен қатар Алмат Тұрысбекұлы медицина нысандарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

Ұйғыр ауданындағы 4 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтау саласын модернизациялау» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр.

Аталған жоба ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында қабылданған.