
Алматы облысында 9 провизорлық стационар жабылды. Бұл - Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Көксу аудандарындағы емдеу мекемелерінен ашылған провизорлық орталықтар.
Коронавирусқа шалдыққандар санының азайып, індеттен жазылғандардың артуына байланысты өңірде 9 провизорлық орталық жабылды. Алайда бұл орталықтар күз-қыс айларында пандемияның екінші толқыны бола қалған жағдайда қайта жұмыс істейді. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыста коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық қызу жүргізіліп жатыр.. Екі айлық дәрі-дәрмек қоры жинақталып, қосымша 50 млн теңгеге қажетті препараттарға тапсырыс берілген. Сондай-ақ облыстағы емдеу мекемелерінде 300-ден аса өкпені жасанды желдету аппараты бар. Алдағы уақытта оның санын көбейту жоспарланып отыр. «700-ден артық оттегі концентраторы бар. Өкпені жасанды желдету аппаратын 500-ден асырамыз. Денсаулық сақтау министрлігі қазірдің өзінде 119 аппарат алып береді. 100 аппаратты өзіміз сатып алғалы жатырмыз. Және де гуманитарлық көмекпен бізге түсіп жатыр», - дейді басқарма басшысы.
Казинформ