
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бастамасымен Семей қаласындағы онкологиялық орталықта Қазақстандағы онкологтардың үйлестіру кеңесі өтті. Үйлестіру кеңесінің жұмысына Қазақстанның барлық өңіріндегі онкологиялық орталықтардың басшылары мен дәрігерлері қатысты. Кеңесте 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Жиында Алматы аймақтық көпсалалы клиника директоры Олжаев Саяхат Таурбекұлы Алматы облысында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Саяхат Таурбекұлы скринингтік бағдарламаларды уақытында жүргізу негізінде 170 адамнан рак ауры анықталғанын атап өтті. Дәрігерлерден құралған мобильді топ 1751 пациентке медициналық көмек көрсеткен.
Сонымен қатар жұмыс кеңесінің барысында онколог-дәрігерлер еліміздегі қатерлі ісіктердің аурушаңдық көрсеткіштерін, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау шараларын талқылады.
Айта кетсек, үйлестіру кеңесін өткізу орны ретінде қазіргі таңда қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеуде ядролық медицинаны қолдану бойынша көшбасшы болып табылатын Қазақстандағы жетекші орталықтардың бірі Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы таңдалды.