Алматы облысында 820 грамдық нәресте дүниеге келді

Алматы облысында 820 грамдық нәресте дүниеге келді

Соңғы жылдары медицина қарқынды дамуда. Дәрігерлер жүктілік кезіндегі скрининг ұрықтың дамуы кезінде туындауы мүмкін проблемаларды уақытында анықтауға мүмкіндік беретінін алдыға тартуда. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры, біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігері Ракишева Айман Галимжанқызының айтуынша, жүктілік кезінде балаға қауіп төндірмеу мақсатында әйелдер кейде ем-дом алып жатады. Ол дұрыс. Неонаталдық медицина шала туылған нәрестелердің ауыр мүгедектіктен арашалап қалуында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, баланың ары қарай сапалы өмір сүріп кетуіне мүмкіндік беруде. Дене салмағы өте төмен балалар жақсы дамып, ата-аналарын қуантуда.
Осындай оқиғалардың бірі, Алматы облысы Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында болды. Дүниеге, уақытынан ерте, салмағы небәрі 820 граммдық нәресте келді. Кішкентай ұл баланың 26 жастағы анасына, әдетте жүкті әйелдердің қан қысымы көтеріліп, зәрінде ақуыз пайда болатын ауыр преэклампсия диагнозы қойылған. Аталған диагноз болашақ аналардың шамамен 8% -ында кездесіп жатады. Бұл жағдай ана мен бала денсаулықтарына ауыр асқынулар әкеліп, кейде өмірлеріне де қауіп төндіруі мүмкін.
Бірнеше апта бұрын, Қонаев қалалық ауруханасының перзентханасында Әлтаир есімді бала туылды. Бүгін, өте ауыр халде дүние есігін ашқан шақалақтың болашағына дәрігерлер сеніммен қарай алады. Шала туған нәресте, әдетте, орталық нерв жүйесінің және тері қабатының температураcын реттеу қызметінің жетілмей туу себебінен дене температурасын өз қалпында ұстай алмайды. Салқын жерде тез тоңып, ыстық жерде дене қызуы көтеріліп кетеді. Сондықтан, шала туғандарға шалалықтың дәрежесіне сәйкес әртүрлі температуралық режимді сақтау қажет. Аталған медициналық мекемеде, шала туылған балаларға күтім жасайтын арнайы медициналық технологиялар жеткілікті.
«Біз үшін мұндай баланың өмірінің әрбір күні маңызды. Оның үстіне, нәрестенің жағдайының оң динамикасы болса, бұл біз үшін үлкен жетістік, біздің жұмысымыздың орасан зор нәтижесі. Әлтаир нәрестенің 820 грамм болып туған сәті есімде. Шала туған нәресте үшін бөлімшемізде барлық медициналық күту құрылғылары қарастырылған», - дейді дәрігер-неонатолог Назым Қалтайқызы Мекебаева. Бүгінде нәрестенің өмірінде жақсы жаңалықтар болып жатыр: ол өздігінен тамақтануды үйренуі екен. Салмағы өте аз баланы күтіп, оны өмірге бейімдеу оңай емес. Сондықтан, осы уақытқа дейін дәрігерлер болжам жасауға үрейленді. Тіпті сәби бір айға жуық жатқан жансақтау бөлімшесінен қарапайым палатаға ауыстырылған кезде де болжам айту оңайға соқпады. Бірақ бүгін Әлтаирдың өзі де өмірі үшін күресіп жатқаны анық. Туылғаннан бері ол салмағы екі есеге жуық артқан.
Баланың осындай салмақпен дүниеге келіп, аман қалып, жетіліп жатқаны Әлтаиырдың ата-анасын ғана емес, дәрігерлерді де қуантады. Неонатолог дәрігері Назым Қалтайқызы 600 грамдық қыз бен 670 грамдық ұл баланы қалай күтіп, үйіне аман-есен шығарғандықтарын еске алады. Бүгінде олар 3-4 жаста. Дәрігерлер кішкентай Әлтаирдың да жақын арада үйіне оралатындығына сенімді. Бүгінде ол Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында ем қабылдауын жалғастыруда.

Баспасөз қызметі