
Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында жылына 60-70 мың бала қаралады. Оның 30 мыңы стационарда ем алады. Бұл туралы өңірлік баспасөз мәслихатында аталған аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Қалиев мәлімдеді. Аурухана 2011 жылы мемлекет басшысының пәрменімен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген. Бұл емхана облыстағы жалғыз балалар ауруханасы. Емдеу мекемесі 200 төсек орынға арналған, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірдегі барша науқас балалар аталмыш мекемеге жеткізіледі.
Маманның айуынша, аймақта халық санының артуына байланысты қазіргі таңда қосымша балалар ауруханасын ашу жоспарланып отыр.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйғарымымен алдағы уақытта Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылындағы аурухана жанынан тағы бір аймақтық балалар ауруханасы ашылмақ. Қазір құжаттары әзірленіп, қандай медициналық көмек түрлері көрсетілетіні талқылану үстінде», – дейді Асқар Қалиев.
Спикердің айтуынша, Іле ауданындағы облыстық балалар ауруханасына алыс елдімекендерден науқастарды тасымалдау қиынға соғады. Сондықтан, аймақтық балалар ауруханасын ашу өңірдегі бүлдіршіндердің денсаулығын жақсарту үшін қажет.