
28 жастағы ер адам ауыр қол жарақатымен ауруханадағы травмотология, ортопедия және нейрохирургия бөлімшесіне келіп түсті. Дәрігерлер пациентті тексере келе, жағдайы өте мүшкіл екеніне көздері жетеді. Жігіттің оң қолы қатты зақымданған. Ауыр соққыдан саусақтары жаншылған. Әсіресе, бесінші – шынашақ саусағы қатты қысылғаны соншалық, оны аман сақтап қалу екіталай еді.
Дәрігер-травматолог Ғалым Қожекенов бастаған дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, пациентке жаңа технологиямен ота жасауға кіріседі. Соның арқасында терінің ақауларын тез жауып, зақымданған саусақты қайта қалпына келтірді.
Бір сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Медицинадағы заманауи ем-домды меңгерген білікті мамандардың арқасында қауіптің беті қайтты. Дәрігерлер науқастың саусақтары екі аптада толықтай жазылады деп отыр.
«Бірегей отаны жасау мүмкіндігі медициналық мекемеде травматология, ортопедия және нейрохирругия бөлімшесінің ашылуымен байланысты. Бұл – жоғары деңгейдегі дайындықты қажет ететін ота. Соған біздің дәрігерлер дайын болды», – дейді аурухана директоры Айман Ракишева.
Науқастың туған-туыстары өз ісінің кәсіби шебері Ғалым Құмарбекұлы бастаған ақ халатты абзал жандарға алғыстарын арнады.