Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында денсаулық күні аталып өтті

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында денсаулық күні аталып өтті

Бүгін Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында күнтізбедегі жай ғана күндердің бірі емес, салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екенін еске салатын Дүниежүзілік денсаулық күні аталып өтті. Өйткені, дәл осы күні 1948 жылы 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының конституциясы қабылданған еді, ол алдағы жылдар бойы ДДҰ-ның халықаралық денсаулық сақтау жұмысындағы басқарушы және үйлестіруші орган ретіндегі функцияларын айқындады. Денсаулық – бұл ауру мен мүгедектіктің болмауы ғана емес, сонымен бірге толық физикалық, психикалық және әлеуметтік салауаттылық жағдайы. Дәл осы тұжырымдама Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында өткен шараның идеясы болды. Бүгін емхана фойесінде азаматтардың қан қысымы мен қандарындағы қант мөлшері өлшенді. Шараны салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің қызметкерлері Жанұзақова Назгүл Бейсенбекқызы және Жексембаева Жазира Есекенқызы ұйымдастырды. Сондай-ақ, іс-шара кезінде азаматтарға ақпараттық парақшалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өйткені, «Денсаулық баршаға» дегеніміз жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жеріне және материалдық жағдайына қарамастан барлық адамдардың қажетті медициналық қызметтерге қолжетімділігін айқындайды.

Осы мақсатта Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің мемлекеттік бағдарламасы (азаматтарға тегін көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесі) және тегін профилактикалық медициналық тексеруден өтудің Ұлттық скринингтік бағдарламасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, «Салауатты өмір салты» кабинетінде біздің мамандар созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға денсаулығын бақылауға және асқынудың алдын алуға үйретеді.

 

Баспасөз қызметі