2022 жылы Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасында 18 шала туылған бала дүниеге келген

2022 жылы Еңбекшіқазақ ауданаралық  ауруханасында 18 шала туылған бала дүниеге келген

Жүректің пәктігі мен алтын қолы –Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық мамандандырылған ауруханасының Босандыру және неонатальдық күтім орталығының балалар реанимациясы бөлімшесінің медициналық командасын нақ осылай атасақ, қателеспейміз.

Бөлімше меңгерушісі, отыз жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар, жоғары категориялы неонатолог-дәрігер Айнаш Кеңесбайқызы Исмайлованың айтуынша, неонатолог мамандығы – педиатрия саласындағы өте жауапты әрі әрқашан қажетті мамандық болып табылады. Бұл кәсіпті игеріп, мамандықтың қыр-сырын толық меңгеру әркімнің қолынан келе бермейді, ал осы мамандықтың қиындығына төзіп, жақсылығын игерген жандар біздің аурухананың алтын қорындағы нағыз мамандар.

Неонатолог дәрігерлер шала туған нәрестелердің күтімімен айналысады. Күнделікті жұмысында осы дәрігерлер нағыз ғажайып, таңқаларлық еңбегімен ерекшеленеді, себебі бұрын-соңды бір жарым килограммға дейін салмақпен немесе 28 аптаға дейін дүниеге келген шала туған нәрестелер өмір жарығын көрмей, шетінеп кететін болса, енді осы мамандардың арқасында қатарға қосылып, өмір сүреді.

Бүгінгі күнгі медициналық және техниикалық прогресстің дамуының арқасында ауруханамыздың Неонаталдық күтім орталығында шалажансар аз салмақпен дүниеге келген нәрестелерді күтуге арналған қажетті заманауи күрделі көпфункционалдық аппараттардың барлық түрлері пайдаланылады, соның арқасында осы Орталықта салмағы 500,0 граммнан бастап әр шала туған нәрестені күту мүмкіндігіне қол жеткізілген.

Аурухана директорының босандыру және балалар ісі жөніндегі орынбасары Әлия Бөрібекқызы Омарбекова атап өткендей, өткен жылы төмен салмағымен шала туған және күтімнің нәтижесінде 18 сәби өз отбасына ата-ана болу қуанышын сыйлаған, ал биылғы жылы 521 грамм салмағымен дүниеге келген ұл бала мен 615 грамм салмағымен дүниеге келген қыз бала өзінше тыныс алу мен өмр сүру қабілетіне жеткенше неонаталдық күтім дәрігерлері мен медбикелерінің қарауының нәтижесінде отбасына аман-есен шығарылды. Бұл - біздің аурухана медициналық командасының қол жеткізген үлкен жетістігі болып табылады. (фото)

Осындай тамаша жетістікке қол жеткізу сырымен бөліскен Айнаш Кеңесбайқызы бөлімшенің барлық қызметкерлерінің күнделікті, жан-тәнімен берілген, қажыр-қайратын аямаған еңбектің жемісі деп атап өтті. Шала туған әр сәбиді екі-үш ай күтіп-қарап, бір қолмен аялау шартын сақтап, күтіп бағады. Яғни медбике мен дәрігер туғаннан сәби күтімін қолға алып, соңына дейін толық қарауы мен бақылауына алады. Бұл - міндетті шарттардың бірі және осы қағиданы ұстану арқылы бактериальдық орта қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ете отырып, сәбиді күтіп-сақтау жан-жақты қамтамасыз етіледі.

Дәрігер мен медбике шала туған нәрестенің қасынан бір елі кетпейді, осы бөлімшенің жиырма жеті жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар Наталья Викторовна Гурованың айтуынша, сәбидің жағдайы әр мезетте өзгеруі мүмкін, тіпті бірнеше минуттың ішінде жап-жақсы деген сәби жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін, сондықтан осындай ерекше сәбилер тұрақты қарап бағу мен бақылауды талап етеді. (фото)

Айнаш Кеңесбайқызы мен Наталья Викторовнаның атқаратын қызметі аса жауапты, жоғары біліктілік кәсіби шеберлікті, өз қызметіне барынша жауапкершілікпен беріле атқаруды талап етеді, өйткені күнделікті атқарылар тиімді медициналық манипуляцияларды ерекше сәбилерге медициналық және техникалық біліктілікті жоғары деңгейде игерген мамандардың көмегімен жүзеге асырылады. Табиғаттың тылсым күшінен мәлім әрі беймәлім, әрқайсымыз сене бермейтін ғажайыптар бар десек, ол осындай мамандардың еңбегінің арқасында болатынын атап өту керек, көрер жарығы бар сәбиді шала туғанына қарамастан, өз мейірімі мен жылы жүрегі, аяулы алақаны мен махаббатына бөлеп, отбасына сәби сүю бақытын сыйлайды.