Алматы облысында алғаш рет жүрекке коронарлық артерияны айналып өту операциясы жасалды

Алматы облысында алғаш рет жүрекке  коронарлық артерияны айналып өту операциясы жасалды

Алматы облысында алғаш рет жүрекке ашық ота жасалды. Бұл бұрын жедел миокард инфаркт алған науқасқа жасанды жолмен қан айналдыру арқылы -  коронарлық артерияны айналып өту арқылы іске асады.  Ерекше операция Алматы көпсалалы ауруханасының дәрігерлері іске асырды. Бұл ота ишемиялық жүрек ауруының алдын алуға бағытталған.  Аталған медициналық тың әдістің ерекшелігі науқастың денесінің басқа бөлігінен трансплантацияланған қан тамырларын ауыстыру арқылы іске асады. Яғни, бітеліп қалған тамырларды ашып, қан айналымын жақсартуға ықпал етеді. Сол арқылы жүрек ауруларының алдын алады.  Бұл ота емделушінің өмірге деген құштарлығын оятып, еңбекке қабілеттілігі артады. 

Операцияны жоғары санаттағы кардиохирург Тимур Ибрагимов жасады. Оның 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Ол жүрек пен қан тамырларға түрлі оталардың әдіс-тәсілдерін білетін білікті дәрігер. 

"Науқастың жасы 54-те. Ол бұрын кеуде мен жүрек тұсының қысуына шағымданған. Дәрігер берген жолдамасы арқылы электрокардиография, коронаграфия мен жүрек УДЗ өтті. Ақ халаттылар толық тексеру арқылы отаға дайын екеніне  көз жеткізді. Бұл жүректің қан айналымындағы тамырлардың қысылып қалған немесе кеңейіп кеткенін  білуге көмектеседі. Отаның сәтті әрі толық емделуіне осындай тексеруден өту өте маңызды - дейді, дәрігер.

Айта кетейік, жүрекке  коронарлық артерияны айналып өту операциясы 3-4 сағат жасалды. Науқас отадан кейін жан сақтау бөлімінде дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Емделушінің жағдайы тұрақталғаннан кейін мамандандырылған бөлімге ауыстырылады. Жалпы емделу ұзақтығы 8-12 күн.

Ауруханадан шыққан соң науқас кардио оңалтудан өтеді. Бұл бағдарлама ем алушының демалып, жақсаруына септігін тигізеді. Кардио оңалту бағдарламасында жоғары мамандандырылған мамандар қызмет көрсетеді. Медбике, дене шынықтыру маманы, диетолог және кеңесшілер қабылдайды.