
Халықаралық шала туылған балалар күні 2009 жылы 17 қарашада Еуропалық жаңа туған нәрестелерді күту қорының бастамасымен құрылды.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, 15 миллионға жуық бала шала туылады, бұл әрбір 10-шы жаңа туған нәресте. Олардың бір миллионнан астамы туылғаннан кейін көп ұзамай өмірден озады деген дерек бар.
Соңғы жылдары балалардың мерзімінен бұрын туылуының тұрақты өсуі байқалды. Өздеріңіз білетіндей, барлық жаңа туған балалар осал, сондықтан Қазақстандағы дәрігерлер бұл мәселеге жұртшылықтың назарын аударуға тырысып жүр, өйткені дене салмағы өте төмен, шала туылған нәрестелер саны жыл сайын артып келеді.
Айта кетейік, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында биыл 1098 бала дүниеге келді, оның 200-і шала туылған деп саналады.
Мерзімінен бұрын босану жағдайларының көбеюі бірнеше факторларға байланысты.
Ең алдымен, бұл босанатын әйелдердің бала туу жасы, бедеулікке қарсы дәрі-дәрмектерді кеңінен қолдану, босану мен кесарь тілігін негізсіз мерзімінен бұрын жүргізу деп есептеледі.
Бұндай босану нәтижесінде балаларды аман алып қалу үшін ең жоғары технологиялық қарқынды күтім қажет.
Бұл жағдайда, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перинаталдық бөлімшесінің дәрігерлері балаларға да, олардың аналарына да барлық қажетті көмекті көрсете алатын мүмкіндіктері бар.
Перзентхана дәрігерлерінің тәжірибесінде толыққанды күтім алған және дені сау, мықты балалар болып өскен шала туылған нәрестелер бар.