Балқаш ауданына қарасты 19 ауылдың тұрғындары тексеруден өтті

Балқаш ауданына қарасты  19 ауылдың тұрғындары тексеруден өтті

Балқаш аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері  шалғай орналасқан ауыл тұрғындарын медициналық тексеруден өткізді. Жылжымалы медициналық кешеннің бейінді мамандары Балқаш ауданына қарасты 19 елді мекенді аралап, тұрғындарды  тексерді. Аудан, қала орталығынан алыс орналасқан ауылдарға дәрігерлер арнайы барып, жалжымалы медициналық кешеннің арқасында сапалы медициналық көмек көрсетті.

Жылжымалы медициналық кешен  азаматтардың ден­сау­лы­­ғын кең спектрлі тексеруден өткізуге арналған. Ол жалпы қа­был­дау, тәжірибелік дәрігер және талдауларды қабылдау аймағы, дәріхана пункті, функционалды диагностика, акушер-гинеколог, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеттерінен тұрады.

Мобильді медициналық ор­та­лық­та арнайы қорғасынмен қап­тал­ған бөлмеде рент­ген және флюорография қа­­уіпсіз жағдайда жасалады.

Мамандар сәуір айы мен қазан айларында  Құйған, Жиделі, Бала топар, Қаскелең топар,  Желтораңғы, Аралтөбе, Ақжар, Қараой, Көктал, Көкжиде, Ақкөл, Үш жарма, Бура, Береке, Бояулы, Ақдала, Бірлік, Миялы, Бақбақты ауылдарына барып, 5843 адамды тексеруден өткізді.

Жылжымалы медициналық кешен қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты көктем мен күз мерзімдері  аралығында  жолға шығып, тұрғындарды тексеруден өткізеді.