
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесуінде өлкенің еліміз үшін ерекше орны бар екенін атап өтіп, Алматы облысын бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды.
Президент Алматы облысы халқының саны ең көп аймақтардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін айтты.
– Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда мұның өзі жеткіліксіз. Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Алматыға барады. Сондықтан денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы қатты сезілмей отыр. Бірақ қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұрылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Облыс әкімдігі қай жерге, қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шаралар қабылдайды, – деді Президент.