Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары халықаралық конгреске қатысты

Денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары халықаралық конгреске қатысты

Тараз қаласында 13-14 қазан күндері “АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ИННОВАЦИЯЛАРЫ" Халықаралық конгресі өтті. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният “МСАК-тағы тұрақты өзгерістерді жеделдетудің негізгі аспектілері" тақырыбы бойынша интерактивті панельдік талқылауда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ең көп таралған аурулардың алдын алуда, диагностикалауда, емдеуде басты рөл атқаратынын атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда МСАК-ты жалпы практика дәрігерінен, оның орталық буыны ретінде, медбикелерден, әлеуметтік қызметкерлерден, психологтардан және қызмет көрсетілетін халықтың қажеттілігіне қарай жұмысқа қабылданатын басқа да мамандардан тұратын көпсалалы топ ұсынады. Республикадағы МСАК жұмысының негізгі қағидаттары - отбасылық қызмет көрсету қағидаты және аумақтық қолжетімділік", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Министрдің айтуынша, МСАК деңгейінде заманауи тәжірибелер мен шешімдерді қолдану бойынша Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттері Қазақстанның тәжірибесін енгізуді бірінші болып жоспарлап отыр.

Халықаралық конгреске Алматы облыстық денсаулық сақтау ұйымдарының бірқатар мамандары қатысып, тәжірибе алмасты.

Айта кету керек, Алматы облысы Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасы ДДСҰ-ның Еуропалық аймағында аймақтың 53 елі үшін МСАК қызметін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасуға арналған бірінші алаң болды.