
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысы өтті.
Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдері және "Атамекен" ҰКП қызметкерлері қатысты.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың артқанын атап өтті. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2,9 есе өсті және науқастардың 80% - ына жуығы індетке қарсы екпе алмаған және соңғы вакцина алғанынан 6 ай өткен адамдар үлесінде.
Елдегі COVID-19 аурушаңдық көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлер эпидемиологиялық қауіп-қатердің сары аймағына көшкен жағдайда қосымша шаралар қабылдау туралы шешім қабылдады:
🔸️ науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс жасау форматына көшіру;
🔸️COVID-19 вакцинасына түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс жасау форматына ауыстыру;
🔸️ жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті маска тағу;
🔸️ 10 адамнан астам қатысушысы бар жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну.
Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіптілік аймағына қарамастан әуе, ТЖ көліктері мен халықаралық автобус тасымалдарында маска тағу ұсынылады.
Отырыс соңында Е.Тоғжанов облыс әкімдеріне коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын күшейтуді, сырқаттанғандар көрсеткіші артқан жағдайда қажетті кадрларды, дәрі-дәрмектер қоры мен төсек орындарының жеткілікті санын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.