
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы аудандық мәдениет үйінде "Қазақстандық хирургтер қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласы және Алматы облысы хирургтер қоғамының ғылыми-тәжірибелік кезекті көшпелі отырысы өтті.
Танымал хирургтер мен білікті мамандардың қатысуымен өткен ғылыми-тәжірибелік отырыста аудандық аурухананың бас дәрігері Айдын Молдашұлы Елікбаев іс-шараның маңыздылығын айтты. Бас дәрігер ғылыми-тәжірибелік кезекті көшпелі отырыстың мақсаты хирургия саласындағы жаңашылдықты меңгеру, заманауи операциялардың жасалу әдісі, білікті мамандармен тәжірибе алмасу және хирургтердің ғылыми дәлелденген жұмыстарының нәтижесімен танысу екенін атап өтті.
Хирургтер жиынында «Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы жағдайында өт тас ауруы кезінде аз инвазивті жедел емдеу әдістерін енгізу», «Қауіпсіз холецистэктомия. Холецистэктомия кезінде өт жолдарының зақымдалу тактикасы», «Асқазан-ішектен қан кету, эндоскопияның рөлі» және «Дренажды-зондты қамтамасыз ету» тақырыптарында білікті дәрігерлер баяндама жасады.
Сонымен қатар медицина ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, А. Н. Сызғанов атындағы "Ұлттық хирургия ғылыми орталығы" АҚ басқарма төрағасы Болатбек Бимендіұлы Баймаханов, медицина ғылымының докторы, профессор "Қазақстандық хирургтер қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасы Манас Ахмеджарұлы Сейсембаев, профессор, А. Н. Сызғанов атындағы "Ұлттық хирургия ғылыми орталығының" асқазан-ішек жолдары және эндокриндік органдар хирургиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жураев Шакир Шукурович өз пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараға хирургтер, ангиохирургтер қатысып, тыңдалған баяндамаларды талқылады.