
Алматы қаласында 2022 жылдың 25-26 сәуір аралығында "Онкологиядағы диагностика мен емдеудің жаңа стратегиялары" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Талдықорған қаласындағы Облыстық көпсалалы клиниканың мамандары да қатысты.
Онкологтар конференцияда өкпе обырын, сүт безі, АІЖ ісіктерін, сүйектер мен жұмсақ тіндерді диагностикалау мен емдеудің және онкоурологияның өзекті мәселелері, емдеу жолдары мен проблемаларын талқылады.
Конференция бағдарламасына қатерлі ісіктердің дамуы мен эволюциясындағы ғылыми жаңалықтарға, обырды диагностикалау мен емдеудің заманауи медициналық технологияларына, дербестендірілген терапияның инновациялық әдістеріне, таргеттік терапия мен иммунонкологияға, сәулелік терапияның жоғары технологиялық әдістеріне және онкохирургияның заманауи жетістіктеріне арналған тақырыптар енгізілді. Конференцияға АҚШ, Франция, Корея, Ресей Федерациясы, Израиль, Ұлыбританияның сарапшылары қатысты.
Сонымен қатар конференцияға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген онколог-дәрігерлер, хирургтер, радиолог, гинекологтер, ядролық медицина мамандары, резидент-дәрігерлер, медициналық ЖОО оқытушылары мен студенттері қатысты.
Конференция ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты және Қазақстан Республикасының онкологтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді.