Қанат Бозымбаев бас дәрігерлермен өңірдегі медицина қызметінің сапасын талқылады

Қанат Бозымбаев бас дәрігерлермен өңірдегі медицина қызметінің сапасын талқылады

Бүгін облыс әкімдігінің мәжілісінде Қанат Бозымбаевтың қатысуымен 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру туралы мәселе қаралды. Жиынға барлық аудандық, қалалық ауруханалардың бас дәрігерлері қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлы ұлттық жобаның іске асу барысын талқылап, өңірдегі медициналық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әлеуметтік маңыздағы сырқаттарды ерте кезден анықтау шаралары, маман тапшылығын болдырмау және басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды.

Мәселен, жалпы облыста 834 ұйым медициналық қызмет көрсетеді, соның 753-і – ауылдық жерде. Оларды заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамту үшін биыл 4,4 млрд. теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 79%-тен 91%-ке артып отыр. Бүгінгі күні облыстағы медициналық ұйымдарда 6 магниттік-резонанстық тамограф, 17 компьютерлік томограф, 4 ангиограф, 53 рентген аппараты, 606 ИВЛ аппараты бар. Оттегі стансасымен 17 аурухана қамтылған.

Өңірде 4 580 дәрігер жұмыс істейді. Әлі де 292 маман қажет. Соның ішінде Талдықорған қаласына - 94, Еңбекшіқазақ ауданына – 33, Кербұлақ ауданына 20 дәрігер керек. Бұл ретте аталған аудандардың басшылары кадр тарту үшін қарастырып жатқан шаралары – мамандарға тұрғын үй беру, көтермеақы төлеу жайын баяндады.