Облыстық ауруханада ангиография бөлімшесі ашылды

Облыстық ауруханада ангиография бөлімшесі  ашылды


ТАЛДЫҚОРҒАН қаласындағы облыстық ауруханаға L-Group» ЖШС қолдауымен Innova IGS-5 ангиографиялық құрылғысы алынып, ангиография бөлімшесі ашылды.
Жаңа бөлімшенің ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков бұл жабдық облыстық ауруханада көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің тізімін кеңейтетінін әрі өңір тұрғындары үшін медициналық көмек көрсетудің әлемдік стандарттарын енгізудің бір кезеңі басталды деді. Айтуынша, осыған дейін емдеу мекемесіне мемлекет тарапынан заманауи диагностикалық құрал-жабдықтар: магнитті-резонансты томограф, 128 кесінділік компьютерлік томограф, цифрлық рентгендік диагностикалық кешен берілген.
– Бұл облыс тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Заманауи аппараттар нейрохирургиялық, онкологиялық және кордиологиялық операцияларға арналған. Бүгінде мамандарымыз арнайы білім алып келді. Ендігіде, әріптестеріміз көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға күш салады деп сенеміз» – дей келе шараға қатысушыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
МҰНАН СОҢ Ө. Ниязбеков бастаған медицина саласының ардагері С. Сәрсенбаев, «L-Group» ЖШС атқарушы директоры Ксения Топоровалар ресми түрде жаңа бөлімшенің ашылу лентасын қиды.
Өз сөзінде Салауат Сламжанұлы шараның Шығыс халқының ұлттық мерекесі қарсаңында өтуімен еркешеленгенін айтып, емдеу мекемесінің қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады. Сонымен қатар Innova IGS-5 ангиографы заманауи медицинадағы ең ақпаратты және қауіпсіз құрылғылардың бірі болып табылатынын, ол жиі капиллярлардың, тамырлардың, қан тамырларының және артериялардың ауруларын диагностикалау үшін қолданылатынын да айтты.
САЛТАНАТТЫ шарада сөз алған нейрохирургия бөлімінің дәрігері Айрат Жүнісов: «Мұндай құрылғы облысымызға алғаш рет келіп жатыр. Ендігіде қан тамыры арқылы инсульт алғандарға, жүрек ауруларына, ісікке ота жасауға мүмкіндік мол. Облыс тұрғындары бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына сабылатын еді, ендігіде ешқайда бармай, өзімізде қаралады» дей келе, бөлімшенің ашылуына тікелей себепкер болғандарға алғысын білдірді.
Бұдан кейін шараға қатысушылар ангиографиялық операциялық бөлмемен, интерн кабинетімен, науқастарды дайындау және ояту және операция алдындағы палаталармен танысты.
АЙТА КЕТЕЙІК, облыстық ауруханаға осыған дейін де заманауи құрылғылар келген болатын. Жоспар бойынша жаңалау жұмыстары әлі де жалғасын табады.