
Талдықорғанда Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында жетісулық азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. 80 азаматқа марапатты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Маулен Әшімбаев пен облыс әкімі Қанат Бозымбаев тапсырды. Мемлекеттік награда медицина саласының дамуына үлес қосып, қалтқысыз қызмет етіп жүрген дәрігерлер де табысталды. Олардың қатарында Қарасай аудандық ауруханасының бас дәрігері Малғаждаров Маулен Сансызбайұлы, хирург Елікбаев Айдын Молдашұлы, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Молдакулов Жұмахан Мұқашұлы, Облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері Жұмашев Қанат Қалиханұлы және Текелі қалалық ауруханасының бас дәрігері Целишева Елена Николаевна бар. Жетісулықтар «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Шапағат» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сенат Төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғырту бағдары Қазақстанның дамуына тың серпін бергенін және соның аясында саяси, әлеуметтік реформаларды іске асыруға жол ашылғанын жеткізді.
«Саяси бәсекенің нығаюына ықпал еткен маңызды шешімдер қабылданды. Әлеуметтік саланы дамытуға айтарлықтай назар аударылды. Мұғалімдердің, медицина, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы едәуір ұлғайды. Ұстаздардың мәртебесі өсті. Мүгедектерді қолдау бағытындағы заңнамалық база нығая түсті. Экономиканы әртараптандыру ісі жаңа қарқынмен жалғасын тапты», - деді Мәулен Әшімбаев.
Салтанатқа жиналған көпшілікті Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та құттықтады:
- Биыл барша қазақстандықтар тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтуде. Елдігіміздің алтын арқауы, бірлігіміздің берік бастауы болған осы мерейлі мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Өз Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың батыл бастамасымен және өлшеусіз еңбегімен жаңа да жасампаз дәуірге қадам басты. Осы жылдар ішінде ғасырға бергісіз мүмкіндіктерге жол ашылды, ауқымды жұмыстар атқарылды. Елбасының салиқалы саясатымен іске асырылған ұлан-ғайыр істерді қазір Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып келеді, - деді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында өтті.