Облыстық ауруханада танымал  дәрігер  Мандат Долаевтың құрметіне  орай  мемориалдық тақта ашылды

Облыстық ауруханада танымал  дәрігер  Мандат Долаевтың құрметіне  орай  мемориалдық тақта ашылды

Долаев Мандат Есенғараұлы,  Алматы облысының  Бөрлітөбе өңірінің тумасы. Ауыл мектебін алтын медальмен аяқтаған жылы  бала күннен армандаған дәрігер мамандығын таңдап,  Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық  университетіне түседі. Аталмыш оқу орнын  1978 жылы   хирургия мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Талдықорған қаласындағы  облыстық аурухананың  хирургия бөлімінде қарапайым хирург болып бастайды. Осылайша  ол бөлім меңгерушілігіне дейінгі сатыға көтеріледі,  кейін  аурухана  бас дәрігерінің орынбасары болып   та қызмет атқарады. Сонымен қатар ол  облыстың Бас хирургі болды.

 Қырық жылдан астам уақыт хируг болып,  медицина  саласында  қалтқысыз қызмет етті. Осы жылдар аралығында  мыңдаған  адамның өміріне арашашы болды. Ел ішінде  оны  алтын қолды дәрігер деп таныды. Ол  науқастанып жүрсе де ота жасауын тоқтатпады. Өмірінің соңына дейін мамандығына  адал  қызмет етті.

 Мандат Долаевтың  еңбегі ескерусіз қалмады. 2019 жылы берілген «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы оның қырық жылғы үздіксіз еңбегінің жеңісі деуге болады. Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің күміс және «Алтын дәрігер» медалімен марапатталды. «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы»  атағын да алды.

 Аса көрнекті хирург, Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың  білікті дәрігерлерінің  бірі Мандат Есенғараұлы Долаев   2021 жылдың мамыражай мамырында өмірден озды.

 Бүгінде үлкен жүректі дәрігердің ізін   қызы Эльмира жалғауда. Ол да  әкесі еңбек еткен облыстық ауруханада офтальмолог дәрігері болып жұмыс істейді.

  Мемориалдық тақта Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана ұжымы мен қалалық  мәслихаттың депутаты, Жоғары медициналық колледж директоры Серік Жансеңгіровтің қолдауымен орнатылды.