Алматы облысына іссапарамен ҚР Парламенті сенатының депутаты Дюсембинов Сұлтан Мырзабекұлы келді. Іссапар барысында сенат депутаты биыл қолданысқа берілген Еркін ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.
Бір ауысымда 100 адам қабылдауға лайықталған жаңа дәрігерлік амбулаторияда жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге, акушер-гинекологқа, стоматологқа, психологқа арналған кабинеттер, балаларды дамытуға арнап жабдықталған бөлме, скрининг өтетін кабинет, УЗИ зерттеуі, 2 егу бөлмесі мен 2 процедуралық бөлме, массаж және физиокабинеттер, сол сияқты мәжіліс залы қарастырылған. Сондай-ақ «таза» және «лас» аймаққа бөлінген фильтр бар. Штатта 42 медицина маманы жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ниязбеков Өмірзақ Әбілсейітұлы амбулаториядағы егу пунктінде әрбір ниет білдіруші коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыра алатынын атап өтті.
- Амбулаторияда Еркін және Көктал ауылдарын қосқанда барлығы 18 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Барлық қажетті медициналық жабдықтармен қаматамасыз етілген. Сондықтан тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ қажетті медициналық көмекті амбулаториядан алуына болады,- деді.
Іссапар барысында Сұлтан Мырзабекұлы медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.