Облыс әкімі дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Облыс әкімі дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Осы мерейлі күнге арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, жыл сайын 10 номинация бойынша өтетін конкурста биылғы үздік шыққандарды марапаттады. Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева мен Іле ауданы Қосөзен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алма Сембаева «Үздік ауыл дәрігері» және «Үздік ауыл дәрігері» аталымының жеңімпаздары атанып, әрқайсысына 1 млн. теңгенің сертификаты берілді.

«Денсаулық саласының үздік менеджері» аталымының жүлдесі Талдықорған қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевке берілді. Жеңімпазға 1 млн. теңгенің сертификаты ұсынылды.

«Үздік фельдшер» жүлдесін Талғар ауданы, Арқабай ауылы медициналық пунктінің фельдшері Марияхан Ибышева және «Үздік орта медицина қызметкері» жүлдесін Сарқан аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Айнұр Макенова алып, әрқайсысы 750 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен бірге Талдықорған қаласындағы «Нұр Авиценум» медициналық орталығының әлеуметтік қызметкері Марина Терпиловская - «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын иеленді.

Талдықорған қаласы 6-шы шағын аудандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы - «Үздік дәрігерлік амбулатория», Қапшағай қаласы Қосқұдық ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті - «Үздік фельдшерлік-акушерлік пункт», Ескелді ауданы Теңлік ауылының медпункті - «Үздік медициналық пункт», Жамбыл ауданы жедел және шұғыл медициналық көмек бөлімшесі «Жедел жәрдем қызметінің үздік подстанциясы» атанып, мекемелерге 500 мың теңгеден жүлде берілді.

Салтанатты шарада облыс әкімі өңірдегі 40-қа жуық медицина маманына кәсіби біліктілігі және мамандығына адалдығы үшін «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.

zhetysupress