
Қаңтар айында Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері бөгде заттарды жұтып қойған 94 баланы құтқарып қалған. Мамандар балалардың тыныс алу жолдары, өңеште, мұрында, асқазанда, құлақта және ішекте тұрып қалған бөгде заттарды алған. Жас шамасы 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың ағзасынан монеталар, сағат батареялары (химиялық күйік береді), шегелер, түйреуіштер, киімнің салпыншақтары, пісте қабығы, жаңғақ, қаламсап қалпақшалары табылса, құлақ пен мұрыннан ұсақ моншақтар, қағаз, поролон, тастар алынған.
Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналар бөгде зат балалардың ағзасына түскеннен кейін 2-10 күн аралығында ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Ағзадағы кейбір бөгде заттар рентген зерттеуі немесе УДЗ жасаған кезде табылған. Аталған клиникада 2020 жылдың екінші жартыжылдығында әртүрлі сатыдағы бөгде заттар ағзасына түскен 21 бала дәрігер көмегіне жүгінген.
Сонымен қатар балалар арасында химиялық сұйықтықты ішіп (тұрмыстық тазалау құралдарын), ауыз жұтқыншағы мен өңеші химиялық күйік алғандар да бар. 2020 жылдың екінші жартыжылдығында «Өңеш түйнегі» диагнозымен 22 бала ем қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, ішкі ағзасын химиялық күйік шалған балалар мүгедек болып, мүмкіндігі шектеулі балалар қатарына қосылған.
Дәрігерлер бұл жағдай ата-аналардың балаларға салғырт қарауларының себебінен орын алып отырғанын айтады. Бірақ ата-аналар өздерін кінәлі санамайды. Оның орнына дәрігерлерге дөрекілік танытатын кездер жиі кездесетінін айтады. Сондықтан мамандар ата-аналарды бала өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.