
Ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, аудан әкімі Қуанышбек Қашқымбаев:
-Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгін біз тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болдық. Көктөбеде ашылған жаңа дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетеді деп үміттенеміз,- деді.
Амбулаторияның бір қабатты ғимаратында тіркеу орны, емшара бөлмесі, егу бөлмесі, дәрігерлер кабинеттері, клиникалық және биохимиялық зертханалар орналасқан.
Дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Қазіргі заманғы медициналық мекеме Көктөбе ауылының 5 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін болады.
Сол күні күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін Қорам ауылында амбулатория ашылды.
Айта кету керек, Алматы облысында жыл соңына дейін 18 медициналық мекеме, 2 нысан пайдалануға беріледі.
Оның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 3,4 млрд.теңге сомасына 10 ауылдық дәрігерлік амбулатория іске асырылуда.
jetysupress