Ұзынағаш ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Ұзынағаш ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бейне байланыс арқылы өткен форум аясында Ұзынағаш ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды.

Ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев, облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары, сондай-ақ аудандық орталық аурухананың қызметкерлері қатысты.

Күрделі жөндеуден өткен жаңа ғимараттың лентасын қию салтанатынан кейін Б.Байжұманов өз сөзінде алдағы уақытта бұндай орталықтар өңіріміздің өзге аудандарында да салынатындығын хабарлады. Сонымен қатар, игі шара барысында «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары мен «Елбасы медалі» иегерлерін марапаттады.

Орталық аурухананың әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, оңалту орталығына айналдыруға жергілікті бюджеттен 72 миллион теңге бөлінді. Ал, барлық арнайы құрал-жабдықтары мен жиһаздары Тұңғыш Президент қорының есебінен сатып алынды. Ғимараттың көлемі 810 шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда 30 білікті маман жұмыс істейді.

Елбасымен бейне байланысқа шыққан аудандық аурухананың мейірбикесі, көпбалалы ана Жанат Жәнібекқызы мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған аналардың алғысын жеткізді. Енді олар алысқа сабылмай, аудан орталығынан тиісті ем-домын ала алатын болды.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға 30-дан астам әлеуметтік көмек көрсететін орталықта білікті мамандар жұмыс істейді. Олар айына 60 балаға, яғни бір жылда 600-ден астам балаға көмек көрсете алады. Жалпы Жамбыл ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі 200-ге жуық бала бар. Орталық ерекше балалармен жұмыс жасауға арналған барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.

jetysupress