"Алматы облысының covid-19 ықтимал екінші толқынына дайындығы" тақырыбында брифинг өтті

"Алматы облысының covid-19 ықтимал екінші толқынына дайындығы" тақырыбында брифинг өтті

Бүгін "JETISÝ MEDIA" ақпараттық алаңында "Алматы облысының covid-19 ықтимал екінші толқынына дайындығы" тақырыбында брифинг өтті. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов қатысты.

Әкім орынбасары covid-19 ықтимал екінші толқынына дайындығы туралы журналистерге ақпарат берді. Сонымен қатар облыстағы эпидахуалға тоқталды.

Жалпы пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде екінші толқынға дайындыққа 8,9 млрд. теңге бөлінді.

Облыстың бюджетінен және резервінен материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге қосымша 7,3 млрд. теңге бөлінді.

Пандемияның ықтимал екінші толқынына облыстағы медицианлық мекемелерде 5280 төсек-орын дайындалды.

Коронавирустық инфекциямен күресу мақсатында Талдықорған қаласында 200 төсек-орындық модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілді

Талдықорған және Алматы қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың базасында ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін заманауи жабдықтармен жабдықталған COVID-орталығы құрылды.

Жергілікті бюджеттен қосымша медициналық жабдықтармен жарақтандыруға 436,1 млн.теңге бөлінді.

Сондай–ақ, балалар жұқпалы аурулар ауруханаларының базасында балаларға арналған екі COVID-орталығы қосымша жарақтандырылуда.

Екінші толқынға дайындық аясында СOVID-орталығына мына медициналық жабдықтар жеткізіледі: 1 цифрлық рентген-аппарат, 20 ӨЖЖ аппараты, 12 концентратор, 30 монитор, 8виброакустикалық аппарат, 130 пульсоксиметр.

Бүгінгі күні "Ақтөберентген" АҚ-мен 3 сандық рентген аппаратын жеткізуге шарт жасалды. (жеткізу мерзімі ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін).

Ауруханаларда 404 ИВЛ аппараты бар, республикалық бюджет есебінен тағы 130 жеткізу күтілуде. Жергілікті бюджеттен  1,2 млрд.теңге сомасына 100 бірлік ИВЛ аппараттары сатып алынып, ИВЛ аппараттарының жалпы санын 534 бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.

Облыстың 13 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 11 оттегі станциясы жұмыс істейді, екеуіне қосылу жүріп жатыр. Бұдан басқа, 1070 оттегі концентраторы сатып алынды, дайындалған 5280 төсектің 40% оттегімен қамтамасыз етіледі.