Алматы облысының әкімі
М.Е. Сұлтанғазиевтің
Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиында сөйлейтін сөз
Құрметті әріптестер!
Қадірлі қауым!
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл өзінің өмір жолын қоғамға қызмет етуге, ел ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға арнаған азаматтарға құрмет көрсететін күн. Отанға қызмет – үлкен абырой әрі зор мақтаныш!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Мемлекеттік қызмет – өз еліне және халқына қызмет ету. Бұл ерекше кәсіп», – деген сөздері мемлекеттік қызметшілердің жұмысына деген жоғары бағаның көрсеткіші.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Осы жолға түсуге шешім қабылдаған мемлекеттік басқарушыларға ерекше талаптар қойылатынын, олардан ерекше сұрау бар екенін» атаған.
Шынымен де мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік жүгі артылған.
Ашықтық пен жариялылық қағидатына негізделген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібінің өзгеруі, цифрлық технологиялардың дамуы қоғам алдында есептілікті күшейтті.
Сіздер еңбекқорлық, кәсіби шеберлік, өз істеріңізге адалдық сынды қасиеттердің арқасында халықтың сенімін ақтап, міндеттеріңізді абыроймен атқарып келесіздер.
Өз салаларыңыз бойынша күнделікті істеп жүрген қызметтеріңіз өңіріміздің, түптеп келгенде мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің еңбек етуіне лайықты жағдай жасап, мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып табылады.
Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, біліктілігіне қарай жоғары лауазымдарға тағайындау, меритократия қағидасын ұстану, кәсіби дайындықтан өтуге жағдай жасау және тағы да басқа шаралар мемлекеттік қызметті барынша тартымды ету жолында жасалған қадамдар.
Солардың нәтижесінде мемлекеттік басқару аппараты тұрақты түрде жастармен толығып отырады. Бүгінде Алматы облысының жергілікті атқару органдарында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40 жасты құрайды.
Жергілікті атқарушы органдарында 2445 қызметші жұмыс атқаруда, оның 49%-ы әйелдер.
Мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту, жауапты лауазымдарға білікті азаматтарды тағайындау мақсатында Өңірлік кадрлық резерв жобасы жүзеге асырылуда.
Комиссия шешімімен 25 адам агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары; экономика және қаржы; цифрландыру; әлеуметтік сала сынды 4 бағыт бойынша резервке қабылданатын болады. Қазіргі уақытта іріктеу жүруде. Облыс бойынша іріктеуге 232 адам құжат тапсырған. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.
Жалпы, облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы жыл санап жақсарып келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің қатарында «Болашақ» бағдарламасының 9 түлегі, Мемлекеттік басқару академиясының 10 түлегі, Президенттік жастар кадр резервінен тағайындалған 1 қызметші және 2 PhD докторы бар. Бұл үрдіс өңірлік мемлекеттік басқару жүйесінің күшейе түсуіне оң әсер етеді деп сенемін!
Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын!
Әрқайсыңызға зор денсаулық, абыройлы қызмет, отбасыларыңызға ырыс-ынтымақ тілеймін!
Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!