2023 жылдың 9 ай ішінде Мәдениет саласының дамуы туралы АҚПАРАТ

Алматы облысының мәдениет және архив мекемелерінің желісі 2023 жылы 292 нысанды құраЙды. Бүгінгі күнде 119 мәдениет үйлері мен клубтар, 144 кітапхана, 15 музей,  10 архив, 4 облыстық мәдениет мекемелері жұмыс жасайды. Облыста «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар 41 ұжымдар мен 1023 көркемөнерпаздар үйiрмелерi жұмыс iстейдi.

Мәдениет саласының 2023 жылғы бюджеті 11,1 млрд. теңге. Мәдениет саласындағы қызметкерлер саны 1896.  2023 жылы 10 кітапхана ашылды: Еңбекшіқазақ ауданы 6 (Қаратұрық, Қайназар, Қырбалтабай, Көлді, Қорам, Асысаға), Талғар ауданы 1 (Кеңдала), Райымбек ауданы 2 (Сарыбастау, Қақпақ), Қонаев қаласы 1 (Арна). Оларға 10 штат бірлік бөлінді. Талғар ауданы Бесағаш ауылдық мәдениет үйі ашылды. Мәдениет үйіне 13 штат бірлігі беріліп, 10 млн. теңгеге материалдық-техникалық базасы нығайтылды.  Сонымен қатар, Райымбек аудандық мемлекеттік архив ғимаратының құрылысы аяқталды. Оған 5 штат бірлігі берілді.                

Сондай ақ,  9 аудан мен 1 қалада «Жыршы-термешілер» мектебі және ақындар орталығы ашылып, оларға 20 штат бірлігі берілді. Халықтық театрларға 30 штат бірлігі берілді.             

2023 жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру үшін жергілікті бюджеттен 7,9 млрд 525 мың теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 160 жеке кәсіпкер жұмыс жасайды, 27 385 бала үйірмелермен қамтылған. Кәсіпкерлерге 8 айдың  қаражаты толық төленді.

2023 жылдың 9 айында Алматы облысы бойынша мәдениет саласында барлығы 15 340 шара ұйымдастырылды. Оған қатысушы саны  2 085 мың адам. Оның ішінде 2 халықаралық, 5 республикалық, 34 облыстық конференция, 130 облыстық архив семинарлары, 389 облыс деңгейіндегі шаралар, қалған шаралар аудандық деңгейде ұйымдастырылды.

Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би және Қаракемер ауылдық мәдениет үйлерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 44 млн. 503 мың. тенге бөлінді. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Есептік кезеңде Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың туған күніне орай облыстық еске алу кеші, Мұқағали Мақатаевтың атындағы Райымбек аудандық мәдениет үйінде     «Жырлайды жүрек - ХV» атты облыстық әншілер байқауы, халықаралық театрлар күніне орай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған облыстық «Халық» театрларының фестивалі өткізілді.

Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына «Егеулі найза қолға алып» тақырыбында тарихи шара, Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығына «Шырқа дауысым», Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына «Жамбыл - Ұлы дала ақыны», Қазақстанның халық артисті, композитор Әсет Бейсеуовтың    85 жылдығына арналған «Әсеттің әсем әндері» атты мерекелік концерті, Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар камерлық оркестрінің «Ақ жауын» және «Қайран шешем» атты концерттері ұйымдастырылды, халықаралық музей күніне орай  облыс орталығында  «Mузей-fest 2023 Қонаев city» «Музейлер түні» фестивалі, Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Мәдениет және Өнер қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік концерт өтті.  Күйші-композитор Қожеке Назарұлының 200 жылдығына орай Алматы облысы аумағында ғылыми экспедиция, Қонаев қаласында күйшілердің республикалық «Тарту» байқауы ұйымдастырылды. Мерейтойлар тізбесі бойынша Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толуына орай «Сұлтан Бейбарыс – Қазақстан мен Мысырға ортақ тұлға» атты зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілді. Беларусь Республикасында «Витебсктегі Славян базары»  ХХХІІ халықаралық өнер фестиваліне Қазақстан атынан жас, талантты әнші, Алматы облысының тумасы Шерхан Арыстан өнер көрсетіп, әділқазылардың жоғары бағасына ие болды. Өнер сайысының қорытындысы бойынша Шерхан Арыстан халықаралық балалар арасындағы музыкалық «ВИТЕБСК-2023» байқауының Гран-при иегері атанды.

Облыстық концерттік ұйымдарында 44 гастрольдік сапарлар ұйымдастырылып, 216 концерт қойылды.

Кітапханаларда кітап қоры – 2,7 млн. дана,  мемлекеттік  тілде – 1,1 млн.  дана, жаңа түскен әдебиеттер саны – 7 597, оқырмандар саны – 157 631, кітап берілімі – 3,4 млн., келушілер саны – 1 832 505, электронды күйге 2 388 кітап көшірілді.

Облыс бойынша музейлерде 3 582 экскурсия, оның ішінде жылжымалы 53 экскурсия, 1 305 танымдық сағаттар, 378 дәріс оқылды.

Облыстық мемлекттік архивінде 2023 жылдың 9 айында мемлекеттік сақтауға жаңа 44 қор, 7 776 сақтау бірлік келіп түсті, оның ішінде 3 689 сақтау бірлігі басқармашылық; жеке құрам бойынша – 3 886; жеке тектік қор бойынша - 201 сақтау бірлікті құрайды.

2023 жылдың  9 айында архив мекемелері 6 872 сақтау бірлігін (717 179 парақ) сканерлеп, цифрлық форматқа 4 766 сақтау бірлігін (556 103 парақ) енгізді. Қағаз негізінде құжаттардың жай-күйінің және толықтығын тексеру бойынша 20 814 сақтау бірлігі тексеріліп, оларға 31 қорытынды актісі толтырылды.                             

                               Өзекті мәселелер

      Қазіргі уақытта аймақтарда, әсіресе ауылдық жерлерде мәдениет үйі нысандарының тапшылығы бар. Алматы облысы бойынша 27-ден астам мәдениет нысандары күрделі жөндеуді қажет етеді, 5000-нан астам халқы бар 23 елді мекендерде мәдениет ошақтары жоқ. 

2023 жылдың 9 ай ішінде Мәдениет саласының дамуы туралы АҚПАРАТ
Дата публикации
11 октября 2023