14- наурыз – Көрісу күніне орай Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдарстыруымен Тұманбай Молдағалиев атынағы аудандық мәдениет үйінің алаңында «Көрісу – жаңа күн, жаңа өмір, жаңа жыл» атты мерекелік іс-шара өтті. 250-ге жуық өнерпаздар атсалысқан облыстық мерекелік шараның бастауында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Досымбаев Алтай Мәшікұлы құттықтау сөз сөйлеп, өңір ақсақалдары шараға жиылған халыққа ақ батасын берді. Аудандық мәдение үйінің алаңында музей, кітапхана және қолөнер шеберлерінің көрмесі жайғасып, театр өнерпаздарының театрландырылған көрінісі Көрісу күнінің шырайын келтірді. Ынтымақ пен берекенің бастауы болған Амал күні Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонясы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымының мерекелік концертімен жалғасын тапты.