
Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің 9 «А» оқушысы Жабықбай Асем жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында бірінші орын алды. Ол аталған конкурста «Домалау үйкелісін эксперименттік зерттеу» тақырыбында жоба қорғады. Оқушы домалау үйкеліс коэффициентін PASCO қозғалыс сенсоры және бейне бақылау әдістері арқылы анықтауға болатынын дәлелдеді. Бұл жобаның жаңалығы - домалау үйкеліс коэффициентін анықтаудың екі түрлі жаңа әдісін ұсыну болып табылады. Домалау үйкелісі мектептегі физика пәнін оқу бағдарламасына енгізілмеген. Бірақ күнделікті өмірде басқа үйкеліс түрлеріне қарағанда, домалау үйкелісі жиі кездеседі. Сондықтан, оны зерттеу оқушыларға қызығушылық тудырады. Бұл жобаны физика сабағында демонстрациялық эксперимент ретінде қолданып, оқушылардың үйкеліс күші туралы түсінігін дамытуға болады.