
Ынтымақтастық арқылы кәсіпорын саласына құзыретті мамандар даярлау мақсатында Алматы облысы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы мен Санджар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық колледжі «Кәсіптік білім мен жоғарғы оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Семинарға Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, «Энергетика» кафедрасының мамандары, әлеуметтік серіктестер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының инженер-педагогтері қатысты.
Пленарлық отырыста облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік бөлім басшысы Ш.Исаханова Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Б.Жәутіков, Энергетика және машина жасау институтының директоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қ.Елемесов, «Энергетика» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Е.Сәрсенбаев, колледж директоры Р.Бакиров Университет пен колледждің өзара ынтымақтастығы мен құрылымдық бөлімшелерін дамытудың басым бағыттары туралы баяндаса, колледждің әлеуметтік серіктесі «Elcos» ЖШС директоры Д.Битимшинов бірнеше жылдан бері жүргізіліп отырған дуальды оқытудың мүмкіндіктерін атап өтті.
Бұдан әрі колледжде университеттің кафедрасы ашылып, екі жақты келісімшартқа қол қойылып, тәжірибелік алаң барысында қатысушылар инженер-педагогтердің шебер-кластарын және «Elcos» ЖШС базасындағы заманауи құрылғылармен танысты.