
«Табысты басшы» жобасы аясында мектепке дейінгі ұйымдарды басқарудағы озық іс-тәжірибелерді тарату, әдістемелік сүйемелдеу мақсатында «Балабақшаны басқарудағы инновациялық қызмет» тақырыбында Қаратал ауданы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы базасында меңгерушілерге арналған аймақтық тәжірибе тарату семинары өтті.
Іс-шарада «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі М.Наренбаева шығармашылық көрмеде балабақшада заттық дамытушы орта құруда педагогтерді шығармашылыққа тарту тәсілдерін көрсетсе, балабақша педагогтері «Лепбук» дамытушы кітапшасы мен «STEM» білім беру технологиясын қолдану бойынша ашық оқу қызметтерін ұйымдастырды. Балабақшада балалардың тыныс алу жолдарын жақсарту, сауықтыру-шынықтыру және иммундық жүйесін көтеру мақсатында ашылған тұзды шахта кабинетінің жұмыс барысымен таныстырды.
Сонымен қатар, Ескелді ауданы «Айгөлек» балабақшасы меңгерушісі И.Байсултанова балабақша мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту жолдарын, Көксу ауданы «Кәусар» бөбекжай-балабақшасы» меңгерушісі А.Жартыбаева мүсіндеу оқу қызметінде дәстүрден тыс әдіс-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктерін ұсынды. Текелі қаласы №4 балабақша меңгерушісі Ж.Калимбекова балабақшада рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі басым бағыттары бойынша таныстырылым жасады. Шараға Ақсу, Ескелді, Көксу, Кербұлақ, Қаратал ауданы, Текелі қаласының мемлекеттік, жекеменшік балабақша меңгерушілері қатысты.