
2021 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай студенттердің зияткерлік қабілеттерін дамыту, жастардың жан-жақты бастамаларына қолдау көрсету және көпшілік алдында сөйлеу, шешендік шеберліктерін арттыру, өз көзқарасын дәйекті түрде дәлелдей алатын жас көшбасшыларды анықтау мақсатында Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында Алматы облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен колледж студенттері арасында «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты аймақтық пікірсайыс турнирі өткізілді.
Тәрбиелік маңызы зор шара болашақ ұрпақтың бойында шығармашылық, ізденімпаздық қабілеттерін дамытып, олардың сыни тұрғыдан және креативті ойлау мүмкіндіктерін арттырады.
Шараға білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ә.Төребаева, Жастар саясаты басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Ұ.Боранбайұлы қатысып, студенттерді құттықтады. Турнирге аймақ колледждері пікірсайысшыларынан жасақталған 14 команда, 28 спикер қатысып сөз таластырды.
Дебаттық пікір-сайыс турнирының қорытындысы бойынша І орынды Талдықорған агро-техникалық колледжі, ІІ орынды «Білім гуманитарлық-техникалық» колледжі және ІІІ орынды Талдықорған жоғары политехникалық колледждері жеңімпаз атанды. 11 колледж Алғыс хаттармен марапатталды.