
Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы «Жалын» үздік педагогтер ассоциациясымен бірлесіп жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасау, озық педагогикалық тәжірибені тарату, кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейту мақсатында ағымдағы жылдың 9-12 ақпан аралығында «Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру: ізденіс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында шебер-класс өткізді.
Шебер-класс барысында Талдықорған сервис және жаңа технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы А.Несіпбаева мен Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру колледжінің арнайы пән оқытушысы А.Кабдулина «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша, Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы М.Теңізбаева «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», Көксу ауылшаруашылық арнайы пән оқытушысы Б.Джунисова «Агрономия», Алматы экономикалық арнайы пән оқытушысы Г.Жеткізгенқызы «Нан пісіру, макарон және кондитерлік өндірісі», Талдықорған агротехникалық арнайы пән оқытушысы С.Тұрсынбек «Ветеринария», Талдықорған жоғары политехникалық арнайы пән оқытушысы А.Тойшыбекова «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша «WorldSkills» ұлттық чемпионатының стандарттарына сәйкес кәсіби құзыреттілікті арттыру, демонстрациялық емтихан тапсырмаларын әзірлеу және қашықтықтан оқытуда интербелсенді әдіс-тәсілдер тиімді қолдануда өз тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шараға Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарындағы салалас колледждердің мамандары қатысып, кері байланыстарын ұсынды. Шебер-класқа 400 инженер-педагог қатысты.