
Ежелгі Ұлы Жібек жолының сілемінде қоныс тепкен көне де жаңа Жаркент қаласы – қазір Панфилов ауданының орталығы. Мұнда тарих тереңінен тамыр тартатын ескерткіштер аз емес. Солардың бірі де бірегейі - «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі.
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл мешітті сонау 1887-1892 жылдары халықтан жинаған қаржыға бірінші гильдиядағы саудагер Уәлиахун Юлдашев салдыртыпты. Ғимарат Қазақстан мен Орта Азияның сәулет-құрылыс өнерінің ең үздік тәсілдері ескеріле отырып жасалған. Құрылысын басқарған - Хон Пик деген қытай сәулетшісі.
Жаркент мешіті – Жетісудың мұсылмандық және архитектуралық белгілі ескерткіші, сонымен бірге ХІХ ғ. соңы–ХХ ғ. басындағы ағаш сәулет өнерінің бірегей ескерткіші болып табылуы нысанның киелілігін көрсетеді. Салыну барысында көптеген нәрселер алғаш рет жүзеге асырылған Қазақстанның культтік архитектурасының көрнекті үлгілерінің бірі. Мінәжат ету және діни туризм орны. Музей кешенінің алаңында тәуап ету туризмі нысанына айналған өте үлкен көне ағаш өсіп тұр.
«Жаркент мешіті» музейі – республикалық маңызы бар тарихи, қала құрылысы және архитектуралық ескерткіш. 1982 жылдан бері мешіт республикалық маңызы бар архитектуралық және тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында
«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейіне 3D экскурсиясын келесі сілтеме арқылы көруге болады - https://3d-maps.kz/ru_place_192-zharkentskaya-mechet