Ауған соғысының қасіреті ұмытылмайды

Ауған  соғысының  қасіреті  ұмытылмайды

     Кеңес әскерінің ауған жерінен шығуына 34 жыл толуына орай Балқаш  аудандық  кітапханасы мен аудандық мәдениет үйінің бірігіп  ұйымдастыруымен 14.02.2023 жылы  «Ауған  соғысының  қасіреті  ұмытылмайды» атты тақырыпта  интернационал жауынгерлермен кездесу кеші  өткізілді. Кешке ауған соғысы ардагерлері, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас  маманы  Г.Сәлімжанова,  ауданның  құрметті  азаматы,  Ресейдің  бірнеше медалінің  иегері, еңбек  ардагері  М.Қожабеков, аудандық қорғаныс бөлімінің азаматтық өкілі Б.Қалдыбеков, аға лейтенант А.Сайлауханов,                  Б.Бейсекбаев мектеп-гимназиясының, М.Сеңгірбаев атындағы орта мектептің, Бақанас мектеп-интернатының ұстаздары мен оқушылары, мәдениет қызметкерлері қатысты.

     Ауған оқиғасының тарихи мағынасын аша отырып, соғыс ардагерлері туралы мәлімет беру, тарихи деректердің маңызды екендігін ұғындыру мақсатында  ұйымдастырылған  шара шымылдығы  ауған соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына 1 сәттік үнсіздікпен тағзым етумен түріліп, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас  маманы  Г.Сәлімжанованың  құттықтау тілегіне ұласты.Батылдық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ауған соғысы ардагерлері-қаһарман жерлестеріміз рухты әңгімелерімен,  естеліктерімен  бөліссе, ауданның  құрметті  азаматы,  Біріккен  араб  мемлекеті  мен  Израиль  арасындағы  соғысқа  байланысты  су  асты  мен  құрғақтағы  бірнеше  соғыс  қимылдарына  қатысқан, Ресейдің  бірнеше медаль  иегері М. Қожабеков ауған соғысы ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Балқаш ауданының құрметті азаматы, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан, көрсеткен ерліктері үшін «Жауынгер-интернационалист» медалімен, Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шыққанына 20 жылдық медалімен марапатталған   М.Қантбеков отты жылдар жайында естеліктерімен бөлісіп, жас оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, шараны ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығын білдірді. Шара барысында Қонаев  қаласында  орналасқан  Алматы  облысы  бойынша Варшава  келісімі  орталық  әскери  тобының  ардагерлер  қоғамдық  бірлестігінің төраға орынбасары Арыстанбаев  Ермек  және  қоғамдық  бірлестік  мүшесі Үркімбаев  Садық  аудандық Ауған  соғысы  ардагерлерін  Алғыс хатпен  марапаттап, аудандық ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Дәуітбаев Бақтыбек пен ауған соғысының ардагері Шалғынбаев Мараттың омырауына   төс  белгілерін  тақты. Мектеп оқушыларының ауған соғысы ардагерлеріне арналған өлең-жырлары оқылып, ардагерлердің құрметіне дайындалған слайд-шолу көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды. Аудандық  мәдениет  үйінің күміс көмей әншілері Г.Қасабекова, Қ.Бекенова, Е.Қошаханның орындауларында кеш әсем әндермен әрленіп, қатысушылардың қошеметіне бөленді. Шараны жүргізген аудандық мәдениет үйінің қызметкері Н.Кенжеғали мен аудандық кітапхананың кітапханашысы Қ.Жұмаділова жылдар өткенімен жауынгерлердің өшпес ерлігі ел есінде сақталып, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызға алғыстарын айтса, мәдениет үйінің әншісі А.Батырбаев  «Атамекен» әнін қатысушылардың қосыла шырқауымен кеш шымылдығы жабылды.