ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫ ҚҰРЫЛДЫ

Осы аптада Бақбақты ауылындағы №1 Жамбыл атындағы орта мектебінде аудан жастары арасында еріктілік бағытын жандандыру, мемлекеттік жастар саясатын кеңінен насихаттау мақсатында «Жақсылық жаса» - атты әлеуметтік-экологиялық еріктілер клубы құрылып, қоғамдық ұйымның ашылу салтанаты болып  өтті.

Аталмыш білім шаңырағының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Гүлнұр Рахыбай арнайы барып қатысты.

Сонымен қатар мәдени шараға куә болған ауыл әкімі Айдархан Түймебаев, Бақбақты ауылдық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Сарбасов, ауылдық әйелдер қоғамының төрайымы Зәуреш Қоханбаева сөз кезегін алып, қоғамдық ұйымға қабылданып жатқан жастарға ақыл-кеңестерін айтып, алдағы уақытта атқаратын қайырымдылық істеріне сәттілік тілеп, еріктілер клубының құрылуына сүбелі үлес қосқан мектеп директоры Бибігүл Хамзинаға және «Еріктілер  клубының»  жетекшісі, география мен орыс тілі мен  әдебиеті пәнінің мұғалімі Зульфия Вайцеховскаяға алғыстарын білдірді.

 Еріктілер клубының ашылу салтанатында мектеп оқушылары әннен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, мәдени шараның көрігін қыздырды. Сонымен қатар еріктілер қатарына қабылданып жатқан 25 оқушыға аудандық жастар ресурттық орталығының арнайы киімдері мен куәліктері табысталды.

Шара соңында жаңа клуб мүшелері Бақбақты ауылына кіреберіс көше бойына ағаш көшеттерін отырғызып, өздерінің туған ауылдарына деген алғашқы қолғабыстарын тигізді.

Сондай-ақ ауыл жастары  жалғызбасты қарт әкелердің үйлеріне барып, азды-көпті азық-түлік таратып, қиындық туғызып жүрген үй жұмыстарына көмектесті.  

Осы орайда айта кететін болсақ, аудан көлемінде аудандық жастар ресурстық орталығының ықпалымен қайырымдылық істермен айналысып жүрген 150 жас еріктілер бар. Ал мектеп оқушыларынан аудан көлемінде еріктілер тобы тұңғыш рет жасақталынуда.

Оқушылардың қоғамдық жұмыстарға үнемі белсенді болуды үйретіп, қайырымдалық істермен айналысуға тәрбиелеп жүрген аталмыш білім шаңырағының мұғалімдері былтырғы оқу жылында халықаралық «Акселаратор успешных школ» атты 6 айлық курсына қатысып, «Дарындылар мектебі» жобасын ұтып алған болатын.

Аталмыш жоба аясында құрылып жатқан еріктілер клубына қабылданған жастардың қатары жыл сайын толығып отыратын болады.

Өз еркімен қиналған жандарға қол ұшын беріп, өзгелердің басына түскен қиындықты бірге бөлісу, қайырымдылық жасау адамгершіліктің  белгісі. Осындай тәрбиелік мәні зор игі шараларды ұйымдастырып жүрген мектеп ұжымының бастаған істері баянды болып, ел-жұртының алғысына бөлене берсін.