
09-11-ші наурыз күндері аралығында Бақанас ауылындағы Денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде Каратэ спортынан барлық жас аралығындағы спортшылардың қатысуымен Алматы облысының чемпионаты болып өтті.
Спорттық шараның ашылу салтанатына облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Ержан Айдарханов пен аудан әкімінің орынбасары Бөріхан Әбдібаев арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш жарысқа 350 спортшы қатысып, осында 6 команда арасында тартысты жекпе-жек өткізілді.
"Кіл мықтыдан - кім мықтыны" анықтау барысында жерлестеріміз аудан намысын қорғап, 11 алтын, 10 күміс және 8 қола медаль еншіледі.
Аудан абыройын асқақтатып жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымызды атап айтар болсақ, Құрманәлі Диас, Мұрат Шыңғыс, Орынхан Мұхаммед, Медетұлы Санжар, Жайлаубек Жәнібек, Жанет Салтанат, Қосшыбек Айзере, Нұрлыбек Еркем, Бағдатқызы Мерей, Дәрібек Аруна, Төлеухан Аружан өз салмақ дәрежелері бойынша сынға түсіп, чемпион атанды. Ал, Ибрагимов Тамерлан, Ринад Өмірзақ, Дулатбай Арман, Құдайберген Нұрым, Қуанышқызы Жанерке, Тәттібек Аяла, Омар Амина, Ғабидолла Аруна, Келгентай Айсәуле, Мақсұт Разия ақтық сайыста қарсыластарына есе жіберіп, күмістен алқа тақты. Сонымен қатар, Мажитова Айша, Құдайберген Алғат, Үйсінбай Жандос, Әділжанұлы Сабыржан, Сейтхан Ақнұр, Серік Айбарша, Қасымбек Айша, Мажитхан Айым жүлделі ІІІ-ші орынды жеңіп алды.
Аудан каратэшілерінің осындай жетістікке жетуіне үлкен үлес қосқан аудандық спорт мектебінің жаттықтырушылары - Берік Ақбергенов пен Ернұр Баққожа екенін айта кеткеніміз абзал.
Жалпы айтқанда, аудан көлемінде 80-ге жуық спортшы каратэ спортымен тұрақты түрде айналысады. Олардың спортпен алаңсыз айналысуларына және спорттық жарыстарға қатысуына аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде барлық жағдайлар жасалынған.