Қайырымдылық жақсы қасиет!
«ЕКІ АУЫЛҒА ТЕГІН КҮРІШ ТАРАТТЫ»
Алтынай СЕЙТКЕН, Балқаш ауданы
Қайырымдылық – адамның көмекке шын мұқтаж жандарға қолұшын соза білетін ең асыл қасиеттерінің бірі. Себебі, айналасына мейірімділік таныту – адамгершіліктің белгісі. Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп тегін айтпаса керек-ті.
Қазіргідей азық-түлік бағасы шарықтап тұрғанда кез-келген отбасының ақ маржан-күрішті сатып алуына қалтасы көтермейтіні де рас. Осыны ескеріп, аудан көлеміндегі екі ауылдағы әрбір шаңыраққа ақ маржанды тегін тарату мәрттік емей немене?!
Балқаш ауданы үнемі жаны жомарт, қолы ашық, мәрт азаматтарын мақтан тұтады. «Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» демей ме?! Осы ретте өзге азаматтар да осындай тұлғалы кәсіпкерлерден үлгі алсын, жас ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен аудан тұрғындарының жанашырына айналған «АФ «Бірлік» ЖШС-нің директоры Алмас Қыстаубаевтың жасаған қайы-рымдылығын айта кеткенді жөн көрдік. Бұл игі істің жүзеге асуына ауылдық округ әкімі Айдос Момынқұлов мұрындық болды.
Осылайша Ақжар және Аралтөбе ауылындағы 280 түтінге 1 қаптан күріш таратып, жерлестеріне көмек қолын созған Алмас Қыстаубаев үлкен құрметке лайық деп білеміз.
Бұған дейін де жақсы істердің басы-қасында жүріп, өзінің жомарттығымен өңірде өзгелерге үлгі болған азамат осылайша тағы да халықтың алғысын арқалады.
«Батаменен ер көгерер...» демекші, қайырымдылық жасап, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналардың батасын алған Алмас сынды абыройлы азаматтың алдағы игі істеріне де сәттілік тілейміз.